Биыл Көшім ауылында клуб салынып, Чировтағы Малая Быковка өзенінің бөгеті қайта құрылымдалатын болады. Бұл туралы аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХVІ сессиясында айтылды.
Алты мәселе қаралған сессияда негізгі баяндаманы аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сейітмулдина жасады. Аудандық бюджеттің шығыстарын нақтылау бойынша мәлімет бергеннің оның сөзінше, шығыстар ұлғайтылған жобалардың ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан үй сатып алу (69901 мың теңге), Разольныйдағы ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу (175 000 мың теңге), мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету мен өмір сапасын жақсарту (13000 мың теңге) бар.
Сессия барысында сондай-ақ аудандық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы мәселелер де қаралды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов атап өткендей, депутаттар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Мәселен, игерілмей қалып жатқан қаржыны тиімді пайдалануға олар да атсалысуда. Соның бір дәлелі ретінде су қоймаларын жөндеуге қаржының бағытталуын айтуға болады. «Жылдың басталғаны күні кеше секілді еді, енді ол да түгесіле бастағандай,-деді Мұрат Болатұлы.-Сол себепті, ауыл әкімдері бар, құзырлы құрылым басшылар бар, депутаттар бар жергілікті жерде жүріп жатқан жол салу, су тарту сықылды жұмыстардың уақтылы жүруін, аяқталуын, ертең лайсаң кезде тұрғындарға қиыншылық тудырмау жағын барынша назарға алу керек».
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы