Бүгін республиканың жалпы білім беретін мектептерінде «Мектебім – мейірім мекенім!» тақырыбында мектептің барлық қауымдастығының қатысуымен салтанатты шара өтіп, 2024-2025 оқу жылының алғашқы конырауы соғылды.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай былтыр «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Бағдарлама білім алушылардың ар-ұят, еңбекқорлық, білім алуға құштарлық, сыни және креативті ойлау, құқықтық және экологиялық мәдениетті, медиа сауаттылық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды көздейді. Бағдарлама шеңберінде жыл бойы ұлттың жаңа сапасын калыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылды.
Биыл Жәнібек ауданы бойынша 2498 оқушы білім алады. Соның 225 бүлдіршіні мектеп табалдырығын аттады.
Т.Жароков атындағы орта мектебінде өткен салтанатты шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Испенбетова мен ардагер ұстаздар қатысты. Аталған мектептің директоры Сержан Қошанов пен мәслихат төрағасы сөз алып, барша жиналғандарды құттықтады.
Бірінші сыныпқа алғаш қадам басқан оқушылар салтанатты шеру жасап, қошеметке бөленіп, қолдауды сезінді.
11-сынып оқушылары Әлижан Сырым мен Жұлдызай Сайын және 1-сынып оқушылары Айнамкөз Бисек пен Әли Есенгелді алғашқы қоңырауды соғып, алғашқы қоңырау үнімен жаңа оқу жылы басталды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы