Күз мезгілінің алғашқы күні көңіліңе жылылық ұялатып, жүзіңе ерекше нұр құяды. Бұл күні жүректер мейірімге, құшақтар гүлге толады. Жаздың жайдары күні сұлулыққа жалғасып, түрлі-түсті бояулармен алмасып, өзгеше күйге енді. Ала жаздай асыр салған балалар ала таңмен таласа оянып, күн нұрына шомылып, балғын әрі бақытты күйде мектепке асығады. Себебі бұл көптен күткен білім күні!
Дәстүрлі мерекеге айналған күнде Теректі ауданындағы сан жылдық тарихы бар білім ошақтары жаңданып һәм жасарып қалды. Әр ауылда білім күні тойланып, мұғалімдер қауымы оқушыларды қуана қарсы алды. Барлық мектепте сынып сағаттары өтіп, еліміздің жаңа дамуы талқыланып, білімнің әр жастың өмірінен алатын айрықша орны айтылды.
Дәл осындай жайма-шуақ күнде айтулы мерекеге орай Федоров жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектебім-мейірім мекені!» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Жиналған қауым желбіреген көк Туға сүйіспеншілікпен қарап, елім деп дүрсіл қаққан жүрек тұсын ұстап, мемлекеттік Гимн шырқады.
Іс-шараға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев, мектептің ардагер ұстаздары Гүлжиян Әлімова, Білікбай Қазиқанов, Галина Құрматова, Айман Злиева және ата-аналар қатысты.
Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған 30 оқушыны сынып жетекшілерімен бірге ортаға шақырып, елмен таныстырды. Олар өз жүрекжарды лебіздерін ән айтып, би билеп жеткізді.
Алғашқы сөз кезегі аталған мектептің директоры міндетін уақытша атқарушы Айнагүл Сұлтановаға берілді. Содан соң аудан басшысы Әлия Биғазықызы білім күнінің маңызын айтып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. «Мектебім – сәулетті мекенім» әнін көңілдерге жеткізген оқушы Әміржан Бауыржан жаз бойы демалып, білім ордасына асыққан өз қатарластарына шабыт берді.
Көптен күткен сәт те келіп, қоңырауды 1-сынып оқушылары Әли Амандық пен Айсезім Зұлпыхар соқты. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова сөмкесін асынып, жүзінен бақыт нұры шашылып тұрған бүлдіршіндердің басынан сипап, арқасынан қағып, естелік суретке түсті.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы