1.09.2024, 16:00
Оқылды: 6

Диқан мен бағбанның көңілі тоқ

Қазіргі таңда Оралда өтіп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері жәрменкесінде картоп 140-160 теңге аралығында сатылуда. Ал бәйтеректік бағбандарда бақша дақылдарының бағасы төмендеу.

IMG-20240901-WA0090

Мәселен, Макаров, Мичурин ауылдық округтарында картоптың көтерме бағасының келісі 115-120 теңге аралығында. Сол себепті осынау дақылдарды делдалсыз облыс орталығындағы нарыққа шығарып, бағаны төмендетуге ықпал ету керек.

Бұл туралы Бәйтерек ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұқамбетов айтты. Өңір басшысының орынбасары бірінші Макаров ауылдық округіндегі «Август» шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылық негізінен картоп егумен айналысады. Қожалық жетекшісі Александр Мясниковтың сөзіне қарағанда, биыл 140 гектар жерге отырғызылған аталмыш дақыл гектарынан 250 центнерден өнім беруде. Қазір оның үштен бірі жиналды. Өнім негізінен облыс орталығына жолданады. Қалғаны көршілес өңірдер мен оңтүстіктегі облыстарға бағытталуда. Қожалықтың меншігінде 4 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін сақтауға мүмкіндік беретін қойма бар.

IMG-20240901-WA0087

Мичурин ауылдық округіндегі «Плотников» шаруа қожалығы 180 гектар жерге картоп салған. Оның отыз пайыздайын жинаған. Егістік басынан келісін 115 теңгеден алуда. Жамбыл ауылында жалпы сыйымдылығы 4 тоннаны құрайтын екі қоймасы жұмыс істеп тұр. Мұнда жергілікті 25 адам еңбек етуде. Оларға күніне орта есеппен 10 мың теңге төленеді. Жұмысшыларға тегін көлік пен түскі ас қарастырылған. Егістік басында он шақты жаңа техника жүр.

Ал «Жаңа әлем» қожалығы негізінен пияз егуге бағыт ұстанып келеді. 76 гектар егістіктің 55-іне осы дақыл егілген. Қожалық басшысы Анатолий Канның айтуынша, қазір гектарынан 600 центнердей өнім жиналуда. Қырыққабат, сәбіз, қызылшаның да өнімділігі жаман емес. Өнімдер негізінен облыс нарығына шығарылады. Қалғандары көршілес өңірілерге, тіпті Өзбекстан, Ресей, Беларуссияға да жіберіледі. Мұндағы көтерме баға – әр келісі үшін 85 теңге.

IMG-20240901-WA0089

- Осынау шаруалардан картопты алып, Оралдағы базарларға, жәрменкеге шығарып келісін 130 теңгеден сатуды ұйымдастыру керек. Оны тек бір рет емес, жүйелі түрде ұйымдастырған жөн. Тек картоп емес, пияз және өзге көкөніс өнімдерінің бағасын мүмкіндігінше төмендету жағын қарастырған дұрыс,-деді Қалияр Шадирұлы.

Облыс әкімінің орынбасары одан соң Махамбет ауылдық округына барып, егін шаруашылығы, мал азықтық дақылдардың жайымен де танысты. Мәселен, «Серік-Агро» ЖШС күздік, жаздық бидай, тары, ноқат (нут), мақсары (сафлор) еккен. Серіктестік директоры Алмас Аманғалиевтың айтуынша, биыл бидайдың шығымы төмендеу, есесіне сафлор, ноқаттар жақсы өнімділік көрсетуде. Әсіресе тарыдан алынар өнім мол болады деп болжанып отыр.

«Шонайбеков» шаруа қожалығы осы жылы элиталық сорго-судан шөбін еккен. Малға пішіндеме (сенаж) дайындауға арналған оның қазіргі жағдайы жаман емес. Көп кешікпей оны шауып, майдалайтын болады. Ал жай судан шөбі жақында екінші мәрте шабылды. «Бізде қазақтың ақбас тұқымды сиырының 500 бастай аналығы бар,-дейді аталмыш қожалықтың жетекшісі Сергей Шонайбеков.-Пішендемені олар сүйсіне жеп, жақсы салмақ қосады. Бұйытса, жаңа дақыл мұнда жерсініп, одан жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз».

«Алтын болашақ» шаруа қожалығының 3,5 мың гектардай егіс алқабына күзгі, жазғы бидай, арпа, майлы дақылдар егілген. Орта есеппен гектарына күздік 20, ал жаздық 25 центнерден берді. Қазір мақсары 16-18 центнерден жиналуда. Қожалық басшыларының сөзіне қарағанда, олар мемлекеттің қолдауын сезінуде. Әсіресе лизинге алып жатқан техникалар едәуір жеңіл бағамен келуде. Сондай-ақ демеуқаржы да шаруашылықта оң ахуал қалыптасуына айтарлықтай септігін тигізуде.

IMG-20240901-WA0088

Сапарының қорытыныдысы туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімінің орынбасары бәйтеректік диқандар мен бағбандардың жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді. Өңіріміздің алтын қамбасы саналатын бәйтеректіктердің биыл да батысқазақстандықтарды дәнді дақылдармен, әсіресе бау-бақша өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.

IMG-20240901-WA0086

-Облыс бойынша биыл егістік алқабының көлемі 615,5 мың гектарды құрады. Оның 312 мыңы жаздық, 102 мыңы майлы және 200 мыңға жуығы мал азықтық дақылдар. Қазіргі таңда өңірімізде егін ору науқаны қарқынды жүруде. Жазғы дәнді дақылдардың 200 мың гектары, яғни 71 пайызы орылды. Орташа өнімділік гектарына 8,5 центнер мөлшерінде. Егістік науқанына үкімет тарапынан «Кең дала» бағдарламасы аясында жанар-жағар май, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер, т.б. қажетті нәрселерді алуға 5 пайыздық мөлшерлемемен несие берілді. Соның ішінде Ақ Жайық өңіріне 13,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда бұл соманың 5 млрд теңгесі игерілді. Сонымен қатар мемлекеттен егін науқанына облысымыз үшін 8,4 мың тонна жанар-жағармай да бөлінді. Қазір соның 6,1 мың тоннасы игерілді. Диқандар қазір күздік дақылдарды егу жұмыстарын да жүргізуде. Биыл 96 мың гектарға күздік егілу керек болса, қазір соның 25 мыңы егілді. Жауын-шашынға байланысты егін жинау ұзап кетіп жатыр. Егер күн райы жақсы болса, он шақты күннің ішінде аяқталады деп ойлаймыз. Содан соң майлы дақылдар жиналатын болады,-деді Қалияр Шадиярұлы.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале