Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Сырым аудандық мәслихатының кезекті ХХII съезіне қатысты. Сессия мінберінде аудан әкімі Сырым ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Отырысқа Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов қатысып, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді.
Қай-қай шаруаның да қиюын келтіретін – қаржы. Ел қазынасынан ауданның алатын еншісі өз алдына бөлек игілік, бүгінгі күні аудандардың әлеуеті «өз жыртығын өзі жамай алуымен де» бағаланып отыр.
2024 жылдың 7 айында аудан бюджетінде өзіндік кірістер 489,7 млн теңге көлемінде жоспарланып, нақты аудандық бюджетке 908,2 млн теңге түсті. Бұл 2023 жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 21,9%-ға артық.
«Жаздың бір күні, қыстың мың күні» дегендей, қазіргі ширақ қимыл ертең-ақ жемісін береді. Жұмагелді Батырниязов мал қыстағына дайындық жайын бір пысықтады.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2024-2025 жылғы мал қыстағына шартты 85 700 мал басы кіреді деп жоспарланып отыр. Жоспар бойынша 161,5 мың тонна мал азығын дайындау қажет.
Өткен жылдан қалған 25,6 тонна мал азығы да бір кәдеге жарайды. Дегенмен жомарт жердің берген берекесін жинай берген жөн.
Бүгінгі танда аудан бойынша 249,3 мың га шабындық жер шабылып, одан 106,7 мың тонна өнім алынды, бұл жоспарлы мал азығының 66%-ын құрады. Өнімділік гектарына 4,2 цн құрап отыр. Шөп шабу науқанына 407 трактор, 686 орақ қатысуда.
Аудан әкімі өз баяндамасында басқа да салалар бойынша шолу жасады.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар мен жұмыскерлердің лауазымдық айлықтарына үстемеақы белгілеу.
Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Кубаевтың айтуынша, жастар саясатының жұмыс ауқымы кең. Жергілікті жердегі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтар жастардың дамуы, білім алуы, еңбекпен қамтылуы, әлеуметтік мәселелерінің шешілуі секілді бірқатар жұмыстарды үйлестіреді.
Ал мамандарының жалақысы мардымсыз.
Мәслихат Сырым ауданы әкімдігінің аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 60 пайыз мөлшерінде үстемеақы беру жөнінде шешім шығарды.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы