5.09.2024, 23:00
Оқылды: 281

Теректіде «Әкем, анам және мен – туристік отбасы» сайысы өтіп жатыр 

Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні тойланады. Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Расында атамыз қазақ «Отан отбасыдан басталады» деп, бекер айтпаса керек. Бүтін елдің жарқын болашағы өз шаңырағымыздан бастау алады.

IMG_2635

Сіз бен біздің жанұямыз тату, бірлігі жарасқан қалыптан айнымаса, қуана беруге болады. Жасыратыны жоқ, қазір біз темірқазықтай жол көрсеткен отбасылық құндылықтардан алыстап барамыз. Осы орайда мемлекет тарапынан рухымызды бір сілкіп, өткенімізді еске салатын іс-шаралар ұйымдастыру қарқын алып келеді.

IMG_2646

Бүгін Теректі аудандық Барбастау туристік базасында облыстық отбасылық «Әкем, анам және мен – туристік отбасы» сайысының ашылу салтанаты өтті. «Спорт – денсаулық кепілі» десек, аталмыш дода тәрбиемен қатар салауатты өмір салтын алға оздырады. Сайысқа Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жәнібек, Казталов, Тасқала, Теректі аудандарының командалары қатысуда. Олар әуелі Көк Туға қарап, мемлекеттік Гимнді шырқады.

IMG_2652

Дода 3 күнге ұласпақ. Ашылу салтанатында қауышқан отбасылар ертең өзара бақ сынайды. Ал жетінші қыркүйекте жүлдегерлер анықталады.

IMG_2638

Облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев құттықтау тілектерін арнап, шатырын тігіп, дайындыққа кірісіп жатқан аудан командаларына сәттілік тілеп, жағдайларын білді.

– Егер сын, ескертпелеріңіз болса, айтыңыздар. Түнгі салқында ішке кіріп орналасыңыздар. Балалардың денсаулығына мұқият болған жөн,- деді Мирас Махмұтұлы өз сөзінде.

Бәйтерек ауданының жетекшісі Қанат Белгиев:

–Туризм спортының қыр-сырын меңгерген спортшы мұндай суықты елемеуі тиіс. Біз қытымыр қыста да еш қаймықпаймыз. Сондықтан алаңдамаңыздар. Спорт сонысымен қызық қой,- деді.

Туризм және қауіпсіздік маршруттар бөлімінің меңгерушісі, бас төреші Камшат Неталиева, аталмыш бөлімнің қосымша білім беру педагогы, сайыстың қашықтық басшысы Медет Нәсіпқалиев, бөлім әдіскері, жарыстың бас хатшысы Альберт Бармақов дүбірлі додаға қазылық жасайды.

Жәнібек ауданының намысын жыққысы келмейтін Сейфолла Сикенов өз әсерімен бөлісті.

– Біздің отбасы 2010 жылдан бері туризм спортымен тұрақты түрде айналысып келеді. Түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанып үлгердік. Жетекшіміз Ерлан Нығметовтің шеберлігі арқасында біраз әдіс-тәсілді меңгеріп алдық. Бұл жолы да жеңістен үміттіміз,- деді өз сөзінде.

IMG_2602

IMG_2576

Ақтілек Әлібек,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале