Ауылда тұрып, кәсіп ашамын деген іскер жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, өз кәсіптерінің аясын кеңейтіп жатыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін жас та болса іскерлігімен ауылдастарының талғамынан шығып жүрген жас кәсіпкер Бекнұр Қыдырашевтың бүгінгі тыныс-тіршілігін үлгі етіп көрсетуге әбден болады.
Бүгінде Жалпақтал ауылында дәнекерлеу ісімен айналысатын шеберлер қатары көп болмағанмен, бірді-екілі кездесіп жатады. Солардың қатарында Бекнұр Айдарбекұлының кәсіпке деген икемі өте жоғары. Оның қолынан шыққан әдемі дүниелерді ауылдастары бір демде сатып алып, басқа да қажетті заттарға тапсырыс беруде.
– Жалпы кәсіпкерлік іс қай жерде болса да бәсекелестікті талап ететін және сол бәсекелестік арқылы өз дүниеңді еркін өткізуге жол аша білетін үлкен өнер. Бұл жерде нағыз іскер жандар ғана кездескен қиындықтарға төтеп беріп, көздеген мақсаттарына қол жеткізе алады. Міне, осы тұрғыда Жалпақтал ауылдық округінің тұрғыны Бекнұр Қыдрашев бауырымыз «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, арнайы құрал жабдықтармен жабдықтап, дәнекерлеу цехын ашқан болатын. Қазір шүкір, Бекнұрға көп тапсырыс түсіп, кәсібі жанданып жатыр. Біз Бекнұр бауырымыздың кәсібіне толайым табыс тілейміз, - дейді Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков.
Қазір кәсіптің көзін тапқан Бекнұр Айдарбекұлы ауылдан бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып сүйікті кәсібін жалғастырып отыр. Алдағы уақытта дәнекерлеу цехының аясын кеңейтіп, тұрақты жұмыспен екі-үш адамды қамту жоспарында бар.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы