БҚО-да Отбасы күніне орай «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» атты өнегелі отбасылармен кездесу өтті. Бұл туралы БҚО ҚДБ хабарлады.
Оған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева қатысып, қатысушыларды облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың атынан айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл мерекенің елімізде, әлемде өзінің халықаралық статусы бар. Бұл мерекені елімізде атап өтудің өзіндік ерекшеліктері де бар екенін білеміз. Отан – отбасынан басталады. Мемлекеттің дамуында, қоғамның қалыптасуында ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 13 586 көпбалалы ана болса, оның 6 558-і «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері. Өңірімізде отбасы құндылықтарын арттыру мақсатында бес «Отбасы орталығы» ашылып жұмыс жасауда, - деді Гүлжанар Болатқызы.
Одан әрі шараға қатысушылар еліміздегі отбасы институтының қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесінің қоғамдағы рөлі, отбасы құндылықтары мен тәлім-тәрбие жайында пікір алмасты.
Жиын соңында жарасымды жанұяның негізін қалыптастырудағы орасан зор еңбегі үшін Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Сырым аудандары мен Орал қаласынан қатысқан мерейлі отбасылар облыс әкімінің алғысхатымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.