6.09.2024, 17:01
Оқылды: 169

«Қара бетперде таққан жігіт көмектесті»: Алғабас ауылында жаңа мешіт ашылды

Бүгін Сырым ауданының Алғабас ауылдық округінде жаңа мешіт пайдалануға берілді.

2481977B-9F95-4259-87EF-F2B04EF229F9

Алғабас ауылында бұрын Бегалы мешіті тұрған. Ғибадат үйі кейін Кеңес үкіметінің саяси көзқарасымен қоғамдық идеологияға қауіпті нысан танылып, құлатылды. Мешіттің мұнарасы қираса да, халықтың жүрегіндегі жаратушы жалғыз Алла мен оның сүйікті елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммедке деген сенім қирамаған-ды. Міне, арада ғасыр өткенде Алғабастағы діннің дәні қайта көктеді.

Жаңа мешіт – жемісін берген халықтық іс.

Үш-төрт жыл турасында ауылдағы екі бөлмелі ескі үйді намазхана ретінде қолдануға рұқсат берілді. Іле-шала ауладан мешіт үшін іргетас құйылды. Елдің бастамасын халық арасында «Бетперде киген адам!» қоғамдық қоры іліп әкетіп, құрылыстың барлық шығынын мойынына алды.

«Бетперделі батырдың» түр-ажарын ешкім көрген емес. Түсін білмесе де, ел ердің ісін біледі. Ол – жалғаннан шаршаған жалғыздардың, күйбең тіршілікке күйінген кедейлердің, дерті дендеген науқастардың жанашыры, жақсы істердің жаршысы.

Жаңа мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Абдусамат Әлібаев, исламтанушы Бақытжан Құралбайұлы, Сырым ауданының бас имамы Нұрәлім Қисметов және ауыл тұрғындары мен меймандары қатысты.

– Мешіт те, имам да өз жұмысын біледі. Дәстүрлі ислам көктесін, өркен жайсын десек, әркім жәрдем беруге тиіспіз. Ал біз ақсақалдар, теріс ағымға тойтарыс беруге, ұрпақ бойына қазақы құндылықтарды сіңіруге міндеттіміз, - деді ауыл қариясы Жүсіп Ақжанов.

Ал облыстық мешіттің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Құмар Құрақұлы:

– Мешітті салу бар, оны ұстау болса бөлек шаруа. Алланың үйін аздырып, тоздырып алмайық! - деп ақылын айтты.

Алла үйінің бой көтеруін жергілікті жамағат той деп қабылдады. Мешіт жанында арқан тарту, қой көтеру, қол күресінен жарыстар өтті. Күн бұрын ұлық оқиғаның құрметіне құрбан малы шалынып, 13 жанұяға ет үлестірілген. Қалғаны қонақтардың сыбағасы деп қазанға салынды.

Бүгін түсте халық жаңа мешітте Жұма намазын оқыды. Кейін киіз үйде меймандарға ас берілді.

Айта кетейік, Алғабастағы ғибадат үйі Батыс Қазақстан облысындағы 61-ші мешіт. Құрылыстың басында да, құжаттың жолында да қайрат танытып жүрген ауыл азаматы Нұрболат Жұмағазиевке «NIYET» қажылық компаниясы Умра сапарына жолдама сыйлады.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале