Биыл Казталов ауданындағы қуаңшылық, мал азығының тапшылығы ауыл шаруаларын алаңдатуда.Көктемгі топан су бір жағынан қорқыныш,бір жағынан қуаныш болды. Бірақ, қуаныш қуаңшылыққа жалғасты. Келген судың дала кезіп кетуін қаһарлы қыстың қатқағы жерді жібіте қоймаған себепті дейді қарттар.
Десекте, биыл қуаңшылық, шабындық жоқ деп қол жайып отырған жұртты көрмейсің Қосөзеннен. Су тұрақтаған сай-сала, көлшік, жүлгелерді тырмалап қылышын сүйреткен қысқа қамдануда шаруалары. Ал, ауданның атқа мінерлері мал азығынан тарықпаудың амалын іздеуде.
Естеріңізде болса су тасқынынан малы шығынға ұшыраған сырымдықтарға Қазталов ауданының әкімі Асыланбек Сарқұлов мырза көлік-көлік мал тиеп, “тірі сәлемдеме” жіберген. Сыйға – сый! Бүгін Қазталов ауданына Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың тікелей қолдауымен “Сырым елінен-Қосөзен еліне” атты көмек керуені жетті. Аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев көшбасшылық еткен топ елдің аманатын арқалап, Қараөзен мен Сарыөзеннің жағасына Сырымның сәлемдемесін жеткізді.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шапешов төрт “КаМАЗ” ыңыранып тартқан бума-бума шөпті ауыл шаруаларына табыстап, ел игілігіне ұсынды.
Көмек керуенін Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев күтіп алды.
Рашит Нәсіпқалиұлы:
- Көпке үлгі боларлық игі бастама бастап,жомарттық танытқан Сырымдық ағайынға Казталов ауданы жұртшылығының атынан алғыс айтамыз. - деді.
Расында, шөптің шығымы елді сарсаңға салғанымен, осындай жүрек жылытатын шаралар екі ел арасындағы ынтымақты нығайта түспек.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы