8.09.2024, 16:30
Оқылды: 141

Бәйтерек ауданында ене мен келін сайысы өтті

Отбасы күні аясында аудан орталығы Переметныйдағы «Шың» сазды-драма театрында Бәйтерек аудандық ОКЖ ұйымдастырумен «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» атты байқау өтті.

IMG_20240908_121043_544

Отбасының ұйытқысы ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас пен сыйластықты дәріптеу мақсатында өткізілген шарада өнерімен, тәлім-тәрбиесімен ерекшеленген қатысушыларды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық ОКЖ басшысы және аналар кеңесінің төрайымы Жеңісгүл Жаңабаева, «Еркем-ай» бөбекжайының педагог–ассистенті Фариза Ерболатқызы, «Сырғалым» қыз-келіншектер клубының мүшесі Күләш Үмбаева бағалады.

IMG_20240908_121004_402

Өнеге тұнған, тәрбиелік мәні зор додада ене-келін және қайынсіңліден құралған 4 топ өнер көрсетті. Олар Белес ауылынан Қайырғалиевтер, Скворкиннен Баспановтар, Чувашкиннен Оңдағановтар және переметныйлық Тойлыбаевтар әулеті. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр жиналған жұртышылықты отбасы күнімен құттықтап, әркім шағын мемлекетінің құндылығын, жауапкершілігін сезінуге бағытталған ізгі мейрамның маңызына тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс «Қазақы дастарханым», "Сәлем беру салтығой бұрынғының", «Дәстүр – дәулетім, салтым – санам», «Тәрбие тал бесіктен» атты төрт кезеңнің қорытындысы бойынша бағаланды. Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Сондай-ақ шарада халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Кенесары Болғанбай «Байлауы бекем бес ғасыр» термесін әуелетсе, Жеңіс Құбайдоллаұлы «Анашым аман жүрші», «Ақ ниет» әжелер ансамблі халық әндерін орындап, көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Әр шаңырақтың шырағы, отбасының жылуы – отаналардың өнеріне риза болған аудандық ОКЖ басшысы Жеңісгүл Қалиқызы баршаға алғысын білдірді.

IMG_20240908_120950_711
- Қазақы салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырған байқау көрермен көңілінен шықты деген үміттеміз. Білім бәйгесіне түсіп, дәстүрдің озық үлгісін көрсетіп, отбасы құндылығының, шаңырақ жарасымдылығының ене мен келіннің, қайынсіңлі мен жеңгенің ілтипат-сыйластығын көрсетіп, шеберлік сынынан өткен қатысушыларымызға дән ризамын. Жарыс басталады дегеннен-ақ бұрын байқауларға қатыспаған отбасыларды іріктеп алдық. Байқауда белсенділік танытқан қатысушы жанұяларға алғысым шексіз. Отбасылық тәрбиелеріңіз ортаймай биіктей берсін. Сондай-ақ байқауға демеушілік білдірген Орал қаласында жаңадан тұсауы кесілген 20 түрлі жартылай дайын отандық өнім шығаратын «Айнуша» компаниясына алғыс білдіремін,-деді Жеңісгүл Қалиқызы.

IMG_20240908_120918_649
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Баспановтар иеленсе, І орынды Тойлыбаевтар әулеті жеңіп алды. Оңдағановтар жанұясы ІІ орыннан көрініп, Қайырғалиевтер ІІІ орынды ешіледі. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале