Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылдық округінің мәдениет үйінде, 15 қыркүйек күні өтетін жаңа әкім сайлауына орай кандидаттар арасында пікірсайыс өтті.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев жиналған қауымға сайлаудың өту барысы және дауыс берудің маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыс баяндап өтті. Келесі кезекте, болашақ әкімдікке сайланушы азаматтардың өмірбаянын Ақерке Әділбекқызы қысқаша таныстырып, өткен еңбек жолдарына шолу жасады. Әрі қарай 3 кезеңнен құралатын пікірсайысты бастау үшін кандидаттар арасында жеребе суыртқызылып, сөз сөйлеу ретін анықтап алды.
Алғашқы кезеңде үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен 5 минут аралығында таныстырып, алдағы жоспарланған ұсыныстар бойынша өз ұсыныстарын айтты. Екінші кезеңде көрсеткен бағдарламарына сүйене отырып , бір-біріне тұтқиылдан сұрақ қойып, түйінді мәселелерге деген ашық көзқарастарын білдірді. Қорытынды кезеңде сайлаушылар арасынан сұрақтар қойылып, кандидаттар тарапынан әртүрлі жауаптар алынды. Кездесу соңы кандиттардың халықты сайлауға шақырған үндеуімен аяқталды. Ауыл тұрғындары бастысы ел қамын ойлайтын, уәдесіне берік, ісіне адал азамат сайлансын деген өтініштерін білдірді.
Фариза Эдикқызы,
Жаңақала ауданы