Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесті. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттер: министрліктен
Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов көшпенділер ойындарының этноспорт қозғалысын дамытуда және тарихи мәдени мұраны сақтауда маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар министр Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мәдени және заманауи спорттық бағдарламаларға біріктіруге ықпал ететін этноспорт іс-шараларын өткізу жөніндегі бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – түркі әлемінің маңызды спорттық оқиғасы. Өйткені бұл бәсеке спортшылардың жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісін көрсетеді. Этноспорт конфедерациясының басты міндеттерінің бірі – әлем халықтарының дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту және насихаттау», - деді министр.
Тараптар этноспорт іс-шараларын ұйымдастыру саласындағы одан әрі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу әлеуетін, сондай-ақ жастар арасында этникалық спорт түрлерін танымал етуге бағытталған бірлескен жобаларды дамытуды талқылады.
Кездесу соңында министр Ердоғанға сапары үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Дүниежүзілік этноспорт Конфедерациясы арасындағы тығыз ынтымақтастық этникалық спортты одан әрі дамыту, мәдени байланыстарды нығайту және болашақ ұрпақ үшін тарихи мұраны сақтау үшін берік негіз болатынын айтты.