12.09.2024, 11:30
Оқылды: 134

Бос жатқан жерлер, сатып алынбаған үйлер БҚО әкімінің назарында

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиын-да жер қатынастары саласы мен халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын адамдарды баспанамен қамтуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

EAB435C9-9E9F-41E0-AC26-E5502810ED93

Өңірде мал саны­ның өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалады. Бірнеше гектар жерді иемденіп, пайдаға асырмай отырғандар да жеткілікті. Президент өз Жолдауында заңсыз алынып, игерілмей жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуы тиіс екенін ылғи айтып жүр. Осы мақсатта биыл пайдаланылмай жатқан көлемі 62 570 га құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемле­кет меншігіне қайтарылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың айтуынша, бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтаруда Ақжайық, Теректі аудандары және Орал қаласының көрсеткіштері төмен.

– Қазіргі күнде қайтарылған жерлерді айналымға шығару жұмыстары да қатар жүргізілуде. 85 мың га жер конкурсқа шығарылып, 355 мың га жер қорға енгізілсе, 136 мың га жер тұрғындар мұқтаждығын қанағаттандыруға берілді. Бұрын­ғы жылдары конкурссыз берілген жер учаскелерін заңдастыру жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Бүгінгі таңда арнайы комиссия отырысында 2007-2018 жылдар аралығында бе­рілген жерлерді заңдастырылуы туралы мәселелер қаралды. Жалпы  4 отырыстың қорытын­дысында 6495 жер учас­кесі комиссия қарауы­на шығарылып, оның 5079-ын заңдастыру туралы шешім шықты. 271 жер учаскесі бойынша материалдар тексеруге жолданып, 1145 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, – деп атап өтті Нұржан Мақсотов.

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындарға 758 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 12,3 млрд теңге бөлінген.

– Бүгінгі күні 758 пәтердің 413-і бойынша конкурс жарияланып, оның ішінде 190 пәтер сатып алынды. 345 пәтер бойын­ша конкурс рәсімдері жарияланған жоқ. Орал қаласында – 175, Бөрлі ауда­нында – 132, Теректіде – 10, Бәйтеректе – 54, Ақжайықта – 37, Жаңақалада – 67, Казталовта – 116, Тасқалада – 34, Сырымда – 45, сондай-ақ Жәнібек ауданында – 28, Шыңғырлау­да – 36, Қаратөбе – 2, Бөкей ордасы ауданында – 22 пәтерді сатып алу жоспарлаған. Бұл бағытта төмен нәтиже көрсетіп отырған Қаратөбе және Теректі аудандары бойынша бір­де-бір конкурстық рәсімдер жарияланбаған. Бү­гінгі күні сатып алынатын пәтерлер бойынша жүргізілген мониторингке сәйкес, жоспардың орындалмау тәуекелі Те­ректі, Казталов және Тас­қала аудандарында бар. Осыған байланысты тұрғын үйлерді сатып алатын болса, 1 қарашаға дейін қаражатты шешу бойынша өтінім жолдауы және дайын тұрғын үйлері бар басқа аудандарға қайта бөлуі қажет, – деді жиында сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.

Облыс әкімі игерілме­ген жерлер бойынша жұмыстарды аудан, қала бойынша тез арада пысықтап, аяқтауға тапсырма берді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салынып жатқан үйлерді 15 қазанға дейін жеделдетіп тапсыру қажеттігін ескерткен облыс әкімі құрылыс сапасына аса мән беру керектігін шегелеп айтты.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале