13.09.2024, 10:45
Оқылды: 156

Болат Есқалиев: «Ұтымды шешім қабылдауға негіз бар»

D0855F70-C234-4BF4-B450-A446120D9189

– Уақыт өткен сайын әлемде ядролық энергияны тұтынудың қауіпсіздігіне қатысты айтулы қадамдар жасалып келе жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан жете білудеміз. Елімізде Атом электр стансасын салуды құптайтындар сондықтан әлдеқайда көбейе түсті. Өйткені мына ғасырда қуатқа мұқтаждық талай елдің бас ауыртар мәселесіне айналып, тіпті өткірлене түскені мәлім. Бізде де сол тапшылық ұлғаюда, тұтыну жыл сайын орташа алғанда үш пайызға өсуде.

Қазіргі жылу электр орталықтары, су электр стансаларының жүктемені көтере алмайтыны өте айқын байқалып отыр. Электр энергиясын көрші мемлекеттерден сатып алу дегенің, сайып келгенде, тұйықтан шығудың сенімді жолы емес. Біреуге мұндай тәуелділіктің түйінді жайттарға тіреп жататыны аз ұшыраспайды,

Қазақстандықтар АЭС салуға байланысты шешімге тоқталса, онда бізде заманауи реакторлардың үшінші буынын пайдалану жоспарланып отыр. Мұның қоршаған ортаға зиянсыздығына, ықтимал ауыр апаттардан қорғаныштығына кепілдік әбден зор екен.

Радиацияның шығып кетуіне соқтырған Чернобыль мен Фукусимадағы ауыр апаттардан соң жер жүзіндегі тиісті сала ғалымдары, сарапшылардың терең ізденістері зор нәтижесін беруде. Жан-жақты зерттеулерден қазақстандық маман, ғалымдар да кенде емес. Бұл жайында да соңғы кезде кеңінен біле бастадық. Алматыдағы ҚР Ядролық физика институтында атомдық зерттеу реакторы барын, ол 60 жылдай пайдаланылып келе жатқанынан күні кешеге дейін көпшілігіміз хабарсыз болдық десек, артық айтқанымыз емес.

Бұл білмегеніміз, мүмкін, сол реакторға байланысты ешқандай оқыс қорқынышты оқиға болып көрмегендігінен шығар. Бола көрмесін де...

Елімізде жалпы қуаттылығы 2 800 мегаватт екі энергетикалық блокты АЭС салудың қарастырылуы, әрине, бүкіл әлем беттеген «жасыл» технологияны ойластырумен де тығыз байланысты. Бүгінде электр қуатына зор салмақ түсіп, оның тапшылығы ұлғая түсуіне әлемдік жылынудың, аптап ыстықтың да әсері тиюде.

Адамзат атмосфераның газдың шексіз мөлшерінен ластануынан, сөйтіп килимат жылынуынан талай проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Экологиялық түйіндерді ушықтыра бермеу үшін «жасыл» энергетикаға көшу өткір мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүру үшін сенімді, тұрақты қуат керек. АЭС экономикалық, экологиялық тұрақтылықтың кепілі болары кәміл. Еліміздегі бір артықшылық – Атом электр стансасына отындық база өзімізде бар. Аталмыш салаға мамандар даярлау жағынан да ешбір елден кем емеспіз. Жас ғалымдар шетелдерден де машықтанудан, білім жетілдіруден өтіп тұрады.

Байтағымызда Атом электр стансасын салу жөнінде ұтымды шешім қабылдауға негіз сөзсіз бар, әлбетте. Бейбіт атом қуатын пайдаланушы елдер қатарына қосылуымызды өмір ағысы әбден талап етіп отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале