Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округінің 70 жылдығы ұлан-асыр той болып, атап өтілді. Мереке қарсаңында жаңа нысандар ашылып, халық игілігіне ұсынылды.
Солардың бірі - мәдениет үйінің жанынан ашылған Тасмола мектебінің 42-түлектерінің ауылдың 70 жылдығына тартуы – «Домбыра» монументі. Ауыл мектебінің 1989-1990 жылдары дүниеге келген түлектерінің туған жерге сыйын салтанатты түрде ашу мәртебесі мәдениет саласының ардагері Амангелді Сұлтанғалиев пен түлектер атынан шыққан Асылбек Құрманғалиға бұйырды. Мәдениет ошағының қасында қазақтың қара домбырасының осындай ескерткіші бой көтеріп, ерекше сән беріп тұрғанына жиылған жұрт тәнті болып, алғыстарын жеткізіп жатты. Ауданымыздың жас, жалынды термешісі Аманғали Сатпанов Тұяқберді Шәмеловтың «Домбыра» шығармасын орындап, керемет шараның көркін қыздыра түсті.
Осыдан соң халайық Ұлы Отан соғысына арналған «Даңқ» ескерткіші алаңына жиналып, тағы да бір игі істің куәсі болды. Сұрапыл соғысқа аттанған ардагерлеріміздің құрметіне ескертіш алдына мемориалдық тақтайшалар орнатылып, алаңның сәнін келтірді. Және осы жерге 20 түп жас көшеттер егілді. Бұл батырлар рухына тағзым мен ерліктеріне құрметтің тамаша көрінісі болды.
Сондай-ақ мереке қарсаңында ауылда жаңа мешіт ашылды. Имандылық ордасы жаңадан бой көтеріп, тұрғындарға есігін айқара ашты.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы