Биыл Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне 70 жыл толып отыр. Мереке қарсаңында ауыл төрінде «Асар» шағын маркеті ашылып, ауыл тұрғындарының қуанышы еселене түсті.
Бұл кәсіпті «Асқар» шаруа қожалығы ашып, Ақбұлақ халқына қызмет көрсетуді қолға алып отыр. Бұл қожалықтың басшысы – Асхат Зұлқашев. Жаңа нысанның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Кейін Зұлқашевтар әулетінің үлкені Бақтығали Зұлқашев сөз сөйлеп, аудан әкімімен лента қию рәсімін жүргізді.
Ауыл үлкендері батасын беріп, әжелер шашуын шашып, дүкеннің алғашқы саудасы басталып кетті. Күнделікті керек-жарақты алыстан арқалатпай, жақын жерден қолжетімді болуына мүмкіндік беретін шағын маркеттің ашылғанына халық дән риза.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы