18.09.2024, 10:00
Оқылды: 91

Күрестен әлем чемпионаты: Ризабек тағы белдеседі, «классиктер» алтыннан үмітті

Маусым соңы күрес түрлерінен ірі спорттық оқиғаларға толы болмақ. Жақында ғана Испанияда 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі аяқталса, қазан айының соңында Албания 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионатын қабылдауға дайындалып жатыр. Бұл турнир еліміздегі жас балуандардың әлеуетін бір байқап алуға үлкен мүмкіндік екені анық. Қазіргі таңда күрес түрлері бойынша аға жаттықтырушылар әлемдік дода алдындағы шешуші жаттығу жиындарына кіріспекші. Olympic.kz Тиранада өтетін әлемдік дода қарсаңында шолу жасады.

903ACA3D-98A8-43F2-ACB3-670D6681891D

Суреттер: Olympic.kz

Албаниядағы әлем чемпионатына еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгі Қазақстан командасы толық құрамда қатысады. Тиранаға аттанатын спортшылар қатарында ересектер сапында талай турнирдің дуын көрген спортшылар да бар. Одан бөлек, 2023 жылғы әлем чемпионы, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Ризабек Айтмұхан да қатарда. Ол жақында Испанияда өткен U20 әлем біріншілігінде қарсылас шыдатпаған болатын.

Еркін күрестен Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Руслан Өмірәлиевтің айтуынша, Ризабек жарысқа ешқандай іріктеусіз өткен.

«Әлем біріншілігіне баратын жігіттеріміздің есімі анықталды. Тек бір салмақта кімнің баратыны шешілген жоқ. Негізінен, әлем чемпионатына қатысатын балуандарды Әбілсейіт Айханов турнирінің қорытындысы бойынша таңдадық. Ал Ризабек Айтмұхан еш іріктеусіз барады бұл бәсекеге. Себебі, ол былтыр ересектер, биыл жастар арасында әлем чемпионы болып отыр. Бұдан асқан қандай іріктеу қажет?! 74 келі салмақ дәрежесінде Албанияға кімнің баратынын жаттығу жиынында анықтаймыз. Екі үміткер балуан арасында шешуші белдесу болады», - дейді аға бапкер.

Еркін күрес шеберлерінің жаттығу жиыны екі кезеңге бөлінген. Балуандар алдымен 20 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында дайындалса, жаттығудың соңғы кезеңі 8-23 қазан аралығына жоспарланған.

Еркін күрестен U23 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы: 

57 келі: Алан Оралбек

61 келі: Әділет  Әлмұхамедов

65 келі: Бекзат Ермекбай

70 келі: Ернұр Нұрғазы

74 келі: Әлі анықталу үстінде

79 келі: Жеңіс Қаныбеков

86 келі: Нұржан Исағалиев

92 келі: Бекзат Аманғалиев

97 келі: Ризабек Айтмұхан

125 келі: Омархан Надиров

Қазақстан қыздар құрамасы да әлемдік жарысқа қызу дайындық үстінде. Команданың аға жаттықтырушысы Қуаныш Жақсыбай команданы жасақтау барысында ел чемпионаты мен Азия біріншілігі сынды жарыстардың қорытындысы есепке алынғанын айтады.

«Әйелдер күресінен халықаралық жарыстарда көзге түскен спортшыларды қатарға қостық. Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысқан, ересектер арасында да күресіп жүрген Лаура Ғаниқызы бар. Ересектер арасында Азия чемпионатының  қола медалін иеленген Анастасия Панасович те қатарда. Медаль аламыз деген жоспарымыз бар. Біз де екі жаттығу жиынын өткіземіз. Соңғы жаттығу   жиынын Астанада өткізіп, содан соң Албанияға аттанамыз», - дейді Қуаныш Жақсыбай.

Әйелдер күресінен U23 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы: 

50 келі: Л. Ғаниқызы

53 келі: З. Баянова

55 келі: А. Әшімова

57 келі: Ш. Өмірбек

59 келі: Г. Бекеш

62 келі: Т. Дубек

65 келі: Г. Өсербай

68 келі: Б. Сейдуәлі

72 келі: А. Панасович

76 келі: А. Ертөстік

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы да тәжірибелі спортшылармен толысқан. Аға жаттықтыушы Жаңабек Оспанов Тирана кілемінен төрт медаль алудан үмітті екенін жасырмайды.

«Төрт салмақта медальдан үміттіміз. 55, 67, 77 және 97 келідегі балуандар алысқа шабады деген сенім бар. Мәселен, 67 келіде ересектер арасында көзге түсіп жүрген Дін-Мұхаммед Қошқар белдеседі. 97 келіде Азия чемпионатының және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінің финалисті Юсуф Мациев күреседі. Екі балуан да әлемдік жарыстардың дуын көрген. Албанияға мықты, дайындығы өте жоғары құрам барады. Сондықтан, нәтиже де жақсы болады деп ойлаймын. Оған дейін екі жаттығу жиынын өткіземіз», - деді аға бапкер.

21-27 қазанда Албанияның Тирана қаласында өтетін U23  әлем чемпионаты отандық балуандар үшін жылдың соңғы жарысы емес. Аталған турнир аяқталған соң, олимпиадалық емес салмақтардағы әлем біріншілігінің жалауы  желбірейді. Бұл бәсеке 28-31 қазанға  жоспарланған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале