19.09.2024, 14:45
Оқылды: 121

Жәнібекте көшпелі отырыс жанданды

Бүгін Жәнібек аудандық аналар кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы Борсы және Жақсыбай ауылдық округтерінде «Көрші ақысы – Тәңір хақысы», «Сырласайық, жеңеше» тақырыптарында өтті.

ED76737D-746B-4EEC-B7F7-13313EC50C5E

«Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова бастаған делегацияны араға біраз уақыт салып жанданған отырыстарды ұйымдастырған ауылдық округтер ұлттық киім, дәм мен әуезді әнмен күтіп алды.

Ауылдық округтердегі мәдениет ошағында өткізілген кездесу салт-дәстүрімізді, дінімізді, тарихымызды, тілімізді дәріптеуді, жас отбасыларға қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын айқындауды мақсат тұтты.

C393209B-6B27-44AF-A846-8F09D0D2ACB8

Ел болашағы жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол шараға аудандық «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, Қамысты, Тау, Ақоба, Борсы, Жақсыбай, Жасқайрат ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері қатысты.

Борсы ауылында басталған көшпелі отырыстың шымылдығын аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Унзила Күлтенова ашып, келгендерді таныстырып, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сергіту сағаты ұйымдастырылып, отырыс тақырыбы төңірегінде әңгіме өрбіп, алдағы тоқсандағы жоспарлар талқыға түсті. Соның ішінде алдағы айларда ауқымды көлемде өткізілуі тиіс екі бірдей шараға тереңірек тоқталды. Бірі «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты қазақтың ұлттық киімдерін насихаттау, күнделікті киім үлгісіне енгізуді мақсат ететін шара болса, енді бірі «Отбасы – бақыт мекенім» атты салауатты өмір салтын дәріптейтін, отбасы бірлігін бекемдейтін спорттық шара болмақ.

E679CEE8-3ADD-4B88-85AA-0332CFED02B3

Әрмен қарай Жақсыбай ауылдық округінде жалғасын тапқан «Сырласайық, жеңеше» тақырыбындағы кездесудің шырайын тақырыпқа сай ұлттық үлгіде киінген аталмыш ауылдың келіндері кіргізді. Отбасындағы бала бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде ата-әженің ықыласын анықтау, ұлттық тәрбие арқылы өз ұлтының дәстүрін бала бойына қалыптастырудағы тәжірибемен пікір алысу жүргізілді.

– Бойында намыс оты ойнаған, ұлт тәрбиесін сіңірген, иманды да инабатты, тәрбиелі, ана тілін ардақтаған, ұлттық құндылықтарды, адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттерді бойына сіңірген қыз баласын тәрбиелеуде бүгінгідей шаралардың маңызы зор, - деп Ғалия Ғарифоллақызы тақырыптың маңыздылғына тоқталды.

Тақырыптан бөлек шараға қатысушылар аналар кеңесі мүшелеріне сұрақтарын қойып, ой бөлісті. Отырыс соңында сөз алған көпбалалы ана, ардагер ұстаз Риза Сағынаева қорытынды сөз сөйлеп, көрермен мен қонақтарға өз алғысын білдірді, шараға қатысушыларды 6 қазанда өтетін референдумға қатысуға шақырды.

Айта өтсек, бүгінгі күнде еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1 239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс жасайды.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале