21.09.2024, 11:30
Оқылды: 114

«Кеш жарық, Теректі!» жобасы қорытындыланды

Теректі ауданының орталық спорт алаңында аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен жаз бойы шалқыған ән, төгілген күй, дөнгеленген би, шарықтаған көңіл, бір сөзбен айтқанда, өзгеге мереке сыйлаған «Кеш жарық, Теректі!» жобасының қорытынды кеші өтті.

aa5a377a-02d8-4c95-aeb4-abf95c5a97de

Әр бейсенбі жаздың мамыражай кешінде жергілікті мәдениет үйінің майталмандары тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ жоба барысында түрлі сайыстар, интеллектуалдық сұрақтар қойылып, белсенді тұрғындарға сыйлық та таратылды. Ашық аспан астында кино кеш те өткізілді. Бұл іс-шаралар халықтың мәдени өмірін байытып қана қоймай, дәстүрлерді нығайтуға, жергілікті таланттарды қолдауға, рухани баюға септігін тигізеді. Концерт бағдарламасының шымылдығын үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі «Шаттық» биімен ашты. Бишілердің мың бұралған биінен соң Оралхан Темерғалиев Қаршыға Ахмедияровтың «Қуаныш» күйін шебер орындаса, Бақытгүл Қабашева мен Ақниет Мақсотованың әдемі бимен әрленген «Ғажап ертегі» әні жиналған жұртшылыққа керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл кеште кішкентай бүлдіршіндер де қапы қалмады. Болашақ әншілер Нарлан Нұралиев өз дарындарын ортаға салып, «Первая любовь», ал Томирис Ғарифоллаева «Жалқаубек» әнін орындап, үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі бимен көркемдеді. «Теректиночка» халықтық ансамблі «Крапива-лебеда», Дәурен Жұмағалиев «Таң сыры», Злиха Қалмағанбетова «Аяла» әндерін тыңдармандарға тарту етті.

49259a3e-d355-4c38-887b-0dae627c2fe3

«Жұлдыз» би ансамблінің көркемдеуімен Нұрбол Кұрымғалиев пен Альбина Мирамбай «Махаббат мұңы» әнін шырқады. Әрмен қарай кеш «Теректі» вокалдық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Айбек Дәулетқалиев «Жылдар», Арман Сағидоллин «Ұлыма ақыл», Равиль Шаяхметов «Барьер», «Спасательный круг» әндерін асқақтата шырқап, ғажап кешті одан сайын әспеттей түсті.

Теректі ауданының күміскөмей әншілері Ислам Мұрат, Нұрбол Кұрымғалиев «Алтынай», Айбек Дәулетқалиев «Махаббатпен ойнама сен», Сағидолла Ізделеев «Дүнген қыз», Кәмшат Қадырғалиева «Только этого мало» әндерін орындап, балдай дауыстарымен көңіл серпілтті. Концерт әншілер тобының орындауында “Теректі толқыны” әнімен өз мәресіне жетті.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале