Жалпақтал ауылындағы Мәдениет үйі алаңында Ишанғали Меңдіханов пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің тұрғындары көше тойын тойлап, ауыл тұрғындарына үлкен мерекелік кеш сыйлады.
- Бүгін бірге туған ағайындай тату-тәтті тұрып жатқан өнегелі шаңырағы бар Ишанғали Меңдіханов пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің тұрғындары ауылдастарына көше тойын ұсынды. Тарих еншісіне бой ұсынған өткен күндерге үңілсек, Ишанғали Меңдіханов пен Бауыржан Момышұлы көшелері Жалпақтал ауылындағы өзінің ұмытылмас атауы бар ерекше көшелер екені жасырын емес. Бұл көшелерде қазіргі таңда ынтымағы жарасқан бақытты отбасылар ғұмыр кешуде. Көше тұрғындары арасында сексеннен асқан абыз ақсақалдан бастап, адал еңбектерімен ел-жұртқа танылған еңбек ардагерлері, әртүрлі саланың майталмандары мен ауылдың жас мамандары тату-тәтті өмір сүріп, іргелері құтты көршілер екенін қалың көпшілікке дәлелдеп келеді, - деді осы көшеде тұратын еңбек ардагері, зейнеткер Ғилым Едекешев.
Көше тойына арналған думанға толы мерекелік шарада ұлттық нақышқа негізделген сол көше тұрғындарының орындауындағы әдемі әндер мен мың бұралған бишілерінің ел қызығар тамаша билері жоғары деңгейде халыққа ұсынылды. Ауыл халқы өздерінің көше мерекелерін тойлаған кезде ұлттық спортқа да кеңінен көңіл бөлетінін жақсы білеміз. Бүгінгі көше тойында білектесуден ерлер мен әйелдер арасында жарыстар өтіп, ауыл тұрғындары арасынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Викториналық ойындар жүзеге асырылды. Сөйтіп, «төртеу түгел болса — төбедегі келеді» деген нақылды жүректерімен ұғынған қос көшенің тұрғындары аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып, өздерінің ынтымақ-бірліктерінің арқасында концерттік бағдарламасымен ел алғысына бөленді.
Қыдыр Харесұлы ,
Казталов ауданы