22.09.2024, 21:33
Оқылды: 152

Бәйтерек ауданы: Өркенде кәсіподақ мүшелері арасында тартысты жарыс өтті

Бәйтерек ауданына қарасты Өркен ауылында білім саласында еңбек ететін кәсіподақ мүшелері арасында зияткерлік ойындардан, яғни тоғызқұмалақ пен шахматтан аудандық жарыс өтті.

IMG-20240922-WA0039

Бәйтерек ауданының 85 және Білім мен ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған сайысқа 14 мектептен 60-тан аса қызметкер қатысты. Оның отыз шақтысы тоғызқұмалақшы болса, қалғаны шахматтан сынға түсті.
Ашылу салтанатында сөз алған Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин жиналғандарды ауданымыздың 85 жылдығымен құттықтап, байтақ Бәйтеректің игілі үшін еңбек етуге тілектестігін білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
- Округімізде ұлттық спорт түрлері, соның ішінде тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Оған аудандық мәслихат депутаты, Үлкен Шаған орта мектебінің мұғалімі Думан Шанов көп тер төгіп келеді. Білім ұяларында арнайы үйірмелер жұмыс жасайды. Мектеп қабырғасында жүріп тоғызқұмалақты меңгерген өрендер бүгінде облыс чемпионы атанып, республикалық чемпионаттардан жүлдемен оралып жүр. Бұл – көшімдіктер үшін ғана емес, жалпы бәйтеректіктер үшін үлкен жетістік деп ойлаймын,-деді бізбен әңгімесінде Ауған Ғарифоллаұлы.

IMG-20240922-WA0042
Тартысты өткен сайыс нәтижесінде командалық есеп бойынша үлкеншағандықтар үздік болса, Жайық пен Т.Бигелдинов атындағы мектептер қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Төреші Алпамыс Оразмұхамбетовтың айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қатысушылар жақсы дайындықпен келгенін бірден байқатты. Содан болса керек, аудан педагогтары соңғы кезде облыстық деңгейдегі сайыстарда олжа салып жүр. Үздік атанғандар аудан құрамасына алынып, қыркүйектің соңында өтетін дәл осындай облыстық додада ауданымыздың намысын қорғайтын болады.

IMG-20240922-WA0041
Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп мұғалімі Сергей Щербанның айтуынша, білім саласында еңбек ететін кәсіподақ мүшелері арасындағы мұндай жарыстардың ұйымдастырылып келе жатқанына жеті-сегіз жылдай болған. Өзі соның бәріне де қатыстып келеді. «Жыл өткен сайын сайыс деңгейі де, қатысушылар саны да жоғарылап келеді. Соңғы кезде әріптестерім жақсы дайындықпен келуде. Бұрындары мен жүлдесіз қайтпайтын едім. Ал үш-төрт жылдан бері бірде-бір медаль бұйырмай жүр. Себебі, болашағынан үміт күттіретін мықты жастар келуде,-дейді ол.- Тоғызқұмалақ – баршаға қолжетімді ойын. Бұл жерде адамның ойлау жүйесі, есеп-қисапқа жақындағы маңызды рөл атқарады. Егер мұғалім зияткерлік ойындарды жақсы меңгерген болса, ол зейінді шәкірт тәрбиелеп шығаратынын анық».

Серік Маратұлы, 
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале