Бүгін Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округіне қарасты Битілеу ауылына Орал қаласынан көпбалалы екі отбасы көшіп келді. Бұл жақсылық облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр.
Атап өтейік, пилоттық деңгейде қолға алынған бағдарламаның мақсаты – қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және ауылды гүлдендіру. Әрі отбасыларды ауылға тек көшіріп қана қоймай, жұмысқа орналастырып, алдына мал да салып береді.
Ауылға көшті бастаған қос отбасына Битілеуден су жаңа үй берілді. Осы қуанышқа орайластырылған салтанатқа аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысып, баспаналы болған тұрғындарды қоныстоймен құттықтады, риясыз көңілден жылы лебізін арнады.
– Құрметті жерлестер, бүгін Битілеу ауылында қуанышты күн. Өйткені қаладан алтын тамыр ауылға бет түзеген қос отбасы жаңа пәтердің кілтін қолына алды. Ауылды көркейтіп, азаматтарымыздың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған осындай бағдарламалар арқылы жаңа үйде жаңа өмірін бастаған жерлестеріміздің қатары көбеюде. Бұндай жұмыс алда да жалғасын таба бермек. Қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін, – деді М.А.Сердалин.
Ол Бекмырзаевтар жанұясының отағасы Болат Бекмырзаевқа, сонымен қатар Шоқаевтар отбасының отанасы Бадамша Әбілқайыроваға су жаңа баспананың кілті мен арнайы сертификат табыстады.
Осы тұста жергілікті кәсіпкерлердің де ауылға келген отбасыларға қолдауын айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі Алаужан Мұқашев пен «Әлібек» шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Ерғали екі үйелменге бір-бірден ірі қара сыйға тартты.
Игі істен битілеуліктер де сырт қалмақ емес. Олар уақ жандық жинап, ауылына қоныс тепкен жаңа көршілерінің алдына салып беруге ниет етіп отыр.
Бағдарламаның игілігін көрген Болат Бекмырзаев қуанышымен бөлісіп, жақсылыққа мұрындық болған көпке ризашылығын білдірсе, битілеуліктер атынан сөз алған Қабылдаш Құрманғалиев қоныстой иелеріне құттықтауын арнады.
Бәрінен де ауылға көшкендеріне қос отбасының балалары қуанышты, мәре-сәре болып, ақ жаулықты әжелер шашқан шашуды теріп, жаңа қонысын айналып, шауып жүр. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қос жанұя да көпбалалы.
Бекмырзаевтер әулеті төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырса, Шоқаевтардың алты баласы бар. Ата-аналары мектеп жасындағы балаларының құжаттарын осындағы И.Тайманов атындағы негізгі мектепке тапсырып та үлгеріпті.
Айта кетейік, әрқайсысының құны 18 млн теңгеден болатын баспаналар жеке тұрғындардан сатып алынған, газ, су, электр қуатына түгел қосылып тұр. Сонымен қатар «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында Қурайлысай ауылдық округіндегі Сайқұдық ауылына бір отбасы көшіп келген.
Ақжол ауылдық округінің Тінәлі ауылында екі жеке баспана сатып алынса, Ақбұлақ ауылында кәсіпкерлермен тұрғын үй салу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Демек, ауданымыз қаладан ауылға көш түзеген өзге де отбасыларды құшағын жайып, қарсы алуға дайын.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы