26.09.2024, 10:30
Оқылды: 81

Бәйтерек ауданында қанша гектар күнбағыс егілді?

Биыл ауданда 31 533,8 гектарға күнбағыс егілді. Бұл былтырғыдан 1 500 гектарға көп. Бүгінгі күні оның 2 895 гектары жиналды. Орташа өнімділік гектарына 8,5 центнерді құрап отыр.

01F8C0EE-2AB3-4E90-A88E-6A70413B315F

Сурет: pixabay.com

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиевтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде егістікте күнбағыс жинау науқаны қыза түскен. Күнбағыс құрғақшылыққа төзімді дақыл саналады, себебі оның тамыры ылғал іздеп топыраққа терең енеді. Бұл оған құрғақ жаздың өзінде айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік береді.

Аталмыш дақылдың бидаймен салыстырғанда тағы бір ұтымды тұсы егін жинау сәтіне дейін дамиды. Сондықтан қосымша күзгі ылғал да оған оң әсерін тигізбек.

Осынау дақылды егуге ден қойған шаруашылықтың бірі – Январцев ауылдық округіндегі біздің «Алтын бидай» қожалығы.

Шаруашылық жетекшісі Бекболат Мұқашевтың сөзінше, биыл олар күнбағысты 600 гектарға еккен, шығымы жақсы. Былтыр гектарынан 17-18 центнер алса, биыл 20 центнерден  келуде.

Айта кету керек, аталмыш дақыл өңіріміздің қатаңдау климатына бейімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар күнбағыс өсірудің экономикалық пайдасы да баршылық. Яғни оның тұқым себу нормасы аз, бұл – тұқымдық материалдың шығындары бидайға қарағанда төмен деген сөз. Ең бастысы, оның нарықтағы бағасы  жоғары.

– Біз секілді шаруа адамы үшін сату бағасы басты мәселе. Мысалы, өткен жылы өңіріміздегі Пойма май комбинаты тоннасын 115 мың теңгеден алды. Биыл 120 мың теңгеге көтереді деген хабар бар.  Соңғы кездері күнбағыстың әлемдік нарықта да бағасы өсіп отыр. Біз өнімді экспортқа шығармаймыз. Өйткені, өздеріңізге мәлім, оған айтарлықтай көлік, тасымал әлеуеті керек. Оның үстіне кедендік бағаны есептеп Өзбекстан, Ауғанстан, Қытайға жөнелтуші трейдерлер де өздерінің пайдасын көріп қалуға тырысады, – дейді Бекболат Құспанұлы.

Аудан басшылығының сөзіне қарағанда, болашақта Бәйтеректе күнбағыс майын шығаратын өндіріс орнын ашу жоспарда бар. Егер бұл өндіріс іске қосылса, күнбағыс егуге ден қоятындар саны артары анық.

Гүлжаз Баделова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале