Шыңғырлау ауылдық округінде «AMANAT» партиясы мен Үкімет бірлесе іске қосқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Солардың қатарында ақсоғымдық Исмағұл Кузбаевты атап өтуге болады. Бұған дейін әр салада еңбек еткен Исмағұл 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5% несиемен 7 миллион 300 мың теңгеге қол жеткізді.
Мемлекет жасап жатқан мүмкіндікті тиімді пайдалана білген Исмағұл «Кузбаев» ЖК-ні ашып, берілген қаржыға сүтті бағыттағы сегіз сиыр сатып алды. Шаруасы ширақ кәсіпкер тындырымды ісімен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасының қолдауымен кәсібін өрге өрлетіп келеді.
Ұлым Исмағұлдың игі бастамасын қуана қолдадым. Бүгінгі таңда алған сиырларымыз төлдеп, мал басы артты. Сиырлар арнайы аппаратпен сауылып, алынған сүттен қайнатқан құрт, сары май, қаймақ, тұзды құрт, ірімшік, сыр, сары су, айран т.б. өнімдерімізді орталық базарға, аудан орталығындағы «Жалғас» дүкеніне сатылымға шығарамыз. Кейде тұтынушылардың сұранысына орай үйге жеткізіп беру де қарастырылған. Сонымен қатар Орал қаласында, аудан орталығында өткен көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысып, ұлттық тағамдарымызды дәріптеп келеміз, - дейді анасы Бағила апа.
Береке қай жерге орнаса, сол жерде құт пен ырыс қонақтайды демекші қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібін өркендетіп, көпке үлгі болып жүрген Кузбаевтар отбасына толағай табыстар тілейміз.
Аслан Аманбаев
Шыңғырлау ауданы