Ауыл-елдегі халықтың күнкөрісі, оған қоса кәсіпкерлік бағыты да төрт түлікпен тікелей байланысты. Тұрғындардың жылдар бойы мал өсіріп, өнімін алып, ауысқанын сатып, өндіріп отырған ет өнімдері ауданның экономикасына өз үлесін қосып отыр. Әсіресе ірі қара баққанның шаруасы дөңгеленіп, тұрмыстары қалалықтармен бірдейленген. Бай-бақуатты, ауылда тұрса да барлық жағдай жасалған, көгілдір отынмен үйі жылып, суы үйге кіріп, интернетпен малын қарап отырған жағдайлары бар. Әрине, ауылдықтардың бәрінің бірдей жағдайы осындай деп айтпағанымен, тұрмысы төмен адамдар кем де кем.
Ауыл халқының жағдайын одан әрі жақсарту әрі ауылдарда орта және шағын бизнесті дамыту үшін «Ауыл аманаты» жобасы біздің ауданымызда да өз шапағатын тигізіп жатыр. 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізгендер тек қана ірі қара мен қой көбейту, өнім өндіру ғана емес, құс, соның ішінде қаз алып, тауық өсіріп отырғандары да жетерлік. Күз айы басталды. Енді міне, айлар бойы, тыным көрмей, тер төгіп, жасалған еңбектерінің жемісін көрер уақыт та жақындап қалғаны шындық.
Еңбектің қай қайсысы да адамды құлшындырады, алға сүйрейді, ал еңбегі жанса қанаттандырады, талай асулардан өткізеді. Осындай еңбегінің жемісін көруге құлшынып отырғандардың бірі – Шыңғырлау ауданы Ардақ аулының тұрғыны – Мейрамгүл Қарағойшиева.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының барлық шарттарын оқып, біліп алған соң, арнайы курсты да аяқтаған болатын. Кәсіпкерліктің «әліпбиімен» танысып, белді бекем буып, көктем айында іске кірісті. 1,5 гектар жерді иелігіне алып, жертүйнек (картоп) екті. Қаражаты 8 млн болғандықтан картоп отырғызатын агрегат, жер қопарғыш, су сорғы және соқа да сатып алды. Табиғаттың да қарасқаны сондай, биыл жауын-шашын мол болды. Әрі жұмысының жүруіне еш кедергі болмады, керісінше, өнімнің тез өсіп, тез пісуіне жағдай туғызды. Енді міне, бүгін, ақ адал еңбегі, өсірген өнімді жинап алуды ойлаған кәсіпкердің алдағы уақытқа құрған жоспарлары біршама.
Айтуынша, келесі жылдан бастап жер көлемін 7 гектарға дейін ұлғайтып, картоппен бірге тағы басқа да бақша өнімдерін салмақ. Таза табиғи өнімнің қашанда үлкен сұранысқа ие болатыны белгілі. Кәсіпкер әрі сатылым кезінде ауылдастары, аудан орталығындағы тұтынушылардың көп боларына сенімді.
«Ауыл аманаты» жобасы мен үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Аз мөлшерлемелі несие қашанда бізге ұтымды болмақ. Әрине, бұл жаңадан бизнесін бастайтындар үшін алғашқы баспалдақ, мемлекет тарапынан үлкен көмек деп түсінемін. Тек қаражатты мақсатты жұмсап, оны еселеп көбейтуге күш салу керек. Сонда ғана ешқандай қиындық тумасы анық. Кәсіпкерлік одан әрі дамымақ», - дейді «Қарағойшиева» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Мейрамгүл Мақсотқызы.
Айсұлу Арыстанова
Шыңғырлау ауданы