Жосалы ауылдық округінің Тамды елді мекенінде спорт алаңы ашылды. Ауылдың үлкен-кішісі осы қуаныштың басынан табылып, мәре-сәре болды.
Алаңның ашылу салтанатына Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мәслихат төрағасы, Жосалы ауылдық округі бойынша мәслихат депутаты Шынар Дүйсенғалиева, «Сәулет Құрылыс Бақылау» ЖШС директоры Айболат Оспанов қатысты.
Алғаш болып сөйлеген аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов:
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық бұқаралық спорт түрін дамыту – басты назарда. Бұл тапсырманы орындауда ауданда бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Бір ай бұрын Тоғанас ауылында мәдени-спорт кешені ашылса, бүгін соның жалғасы іспеттес Тамды ауылында спорт алаңы ашылып отыр. Алаңның ашылуына осы ауылдың тумасы, Жосалы ауылдық округі бойынша мәслихат депутаты Шынар Сайлауқызының еңбегі зор. Спорт алаңының ашылуымен құттықтаймын! Жақсы, игі істер ұзағынан болсын, - деді.
Аудандық мәслихат төрағасы, Жосалы ауылдық округі бойынша мәслихат депутаты Шынар Дүйсенғалиева:
– Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Тамды ауылынан спорт алаңын ашу сайлауалды бағдарламамдағы аманатымның бірі болған еді. Бүгін сіздердің игіліктеріңізге берілгелі тұрғанына қуаныштымын, - деді.
Ауыл тұрғыны Асқар Жанғалиев ауыл тұрғындары атынан алғыс айтып, ауылдастарының қуанышы шексіз екенін жеткізіп, Тамдыдан да чемпион шығатынына сенімін білдірді.
«Сәулет Құрылыс Бақылау» ЖШС директоры Айболат Оспанов тамдылық жас спортшыларға бірнеше доп сыйға тартты. Жангелді Орынбасар шырқаған «Туған ел» әні Тамды аспанында әуеледі.
Спорт нысанының лентасын қию құрметі аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов пен Тамды ауылының ақсалалы, Жосалы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Құмашевке ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер де қуанышын шашу шашып жеткізді.
Одан кейін су жаңа алаңда теңбіл доптан жарыс басталып, алғашқы допты аудан басшысы тепті.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы