1.10.2024, 16:30
Оқылды: 28

Теректіде танымал меценат Абзал Насиолламен кездесу өтті

Теректі ауданында бастау алған «Жарқын жүздесу» жобасы қайта жанданып, жоба қонақтарының есім-сойы таңдай қақтырып жатыр. Аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен «Қазына» коворкинг орталығында тамаша жүздесу өтті.

00120FF9-0EA8-443D-97FE-FF3365E38A91

Бағдарламаның кезекті қонағы «Шапағат» медалінің иегері, республикаға танымал меценат, «Жаңа Орда Құрылыс» және «A-Z Stroy» ЖШС директоры Абзал Насиолла болды.

Жаңашылдықты жақсы көретін, қандай іс болса да жүрексінбей, білек сыбана кірісіп кететін жалынды жан 1980 жылдың 1 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бірік ауылдық округінің Әжібай ауылында дүниеге келген.

473230F6-57F5-4B4C-A841-9A560F11062E

Федоров жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары көрермен болып, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев арнайы қатысқан жүздесуге облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов келіп, әннен шашу шашты.

Жобаның бірінші «Сұрақ – бізден, жауап – сізден» айдарында Абзал Насиоллаұлының туған жері, өскен ортасы, ең алғашқы жұмысы, елге жасаған жақсылығы айтылды. Бағдарлама қонағы даңғойлықты жек көреді екен. Көбіне жарияламай, желеулетпей үн-түнсіз жасағанды ұнатады.

Дегенмен туған топырағына балалар асыр салатын алаң, медициналық пункт салып бергенін айтпай өтуге болмас. Жанашыр ердің игі істерін жоба жүргізушісі Үміткер Орынғалиев барынша жеткізіп, оқушыларға үлгі етті.

63A24E92-64AD-498D-87F8-2F8B5C2D25E7

Сондай-ақ жылы жүздесу барысында Айбек Дәулетқалиев ән шырқаса, Әділет Орынбасаров алтын уақытын бөліп келген мейманға алғысын айтып, «Біз Дендерденбіз» жинағын тарту етті. Ақтілек Әлібекұлы да ақ тілектерге қосылып, өзінің арнау өлеңін оқып берді.

Кітап демекші, сол тұста аңғарғанымыз Абзал Насиоллаұлының жеке кітапханасында 500-ден астам кітап бар. «Оқуға ынтық болуды әке мен анадан үйрендік» деп, оқушыларды үздіксіз ізденуге шақырды.

Жоба аясында іскер азаматты Теректі төріне шақыртудың тағы бір мақсаты – республикалық байқаудың облыстық кезеңінде «100 жаңа есім» аталымы бойынша Абзал Насиолланы ұсынып, жүлдегер атанған Мәриям Сабырғалидың қорғаған ғылыми жобасы, жас дарынға шабыт беру.

Оқушының ертеңіне сеніммен қараған ол өзімен ала келген бір құшақ гүл мен оқу құралдары салынған сөмкені сыйлады. Балалық шақта ұстаз болуды қатты армандаған меценат алдағы жоспарларымен бөлісіп, келе жатқан Ұстаздар күнімен құттықтады. Мектеп қабырғасындағы мұғалімі, досы бейне сәлемдеме жолдап, бойынан әлі күнге дейін жоғалмаған асыл қасиеттерін айтты.

A3C1B92F-A044-4CA2-B968-94F521348D31

Жоба тізгіндеуші екінші айдарда кейіпкермен бетпе-бет келіп, қысқа да нұсқа сұрақтарын қойды. Көп сұрақтың ішіндегі адамды ойға батырып әкететін «Сізді не мазалап жүр» дегеніне кейіпкер:

– Қазір адамдардың пейілі тарылып кетті. Бәрі асығыс. Тірлік қамымен жүріп, адами келбеттен қол үзіп қалды. Бұл қашанға дейін жалғасады? Міне, мен мазалап жүрген осы, – деп жауап берді.

Соңында Мирас Махмұтұлы Абзал Насиоллаұлына лебізін білдіріп, естелік сыйлық табыстады. Жоғары деңгейде өткен жүздесуді Жақсылық Имашев «Жақсы адамдар» әнімен түйіндеді.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале