5.10.2024, 10:54
Оқылды: 154

Теректі ауданында ұстаздар күніне арналған іс-шара өтті

Теректі ауданының мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. 

IMG_4593

Лық толы зал ұстаз бен шәкірттің диалогы басталған сәттен сілтідей тынып, Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Төлеуова мен оқушысы Әлемхан Самиғолланы құлақ түре тыңдады.

Оқушы алғашында ұстазы айтқан сын-ескертпелерді қабылдағысы келмей, теріс қылық көрсетеді. Бірақ кейін мұғалімінің даналық тұнған сөздерінен кейін ұстаздың қадір-қасиетін ұғына бастайды. Күн сайынғы көріністі боямасыз жеткізген олар теректіліктердің ыстық ықыласына бөленді.

Содан соң үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі «Шаттық» биін ұсынды. Мәртебелі мамандық иелерін құттықтау үшін сахна төріне Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова көтерілді.

IMG_4352

- Бүгін ерекше күн! Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген жалынды сөзі ойға оралады. Алдына келген шәкіртіне мейіріммен қарайтын ең қадірлі әрі жауапты мамандық иесі – ұстаздар! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Ауданымызда барлығы 34 мектеп бар. Оның ішінде 19 орта мектеп, 10 негізгі және 5 бастауыш мектеп. Онда 6520 оқушы білім алады. Аудан бойынша барлығы 1341 педагог қызмет атқарады. Сонымен қатар 11 мемлекеттік, 6 жеке бөбекжай және 19 шағын орталық бөбекжай кешендері жұмыс істейді,- деп, ақ тілегін жаудырған Әлия Биғазықызы жауапты салада 40 жыл еңбек еткен ардагер ұстаздарымызды Қазақстан Респулибкасының оқу-ағарту министрлігінің алғысхатымен марапаттады.

IMG_4538

Олардың қатарында Новопавлов жалпы орта білім беретін мектебінің ардагер ұстазы Базаргүл Қайырғалиева, №1 Подстепный орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлдана Ғабдуллина, Социализм негізгі орта мектебінің ардагер ұстазы Айтқали Тапақов, Аңқаты орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Құлынбек Ахметов, Ақжайық орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Аманғали Қосмағұлов, Богданов негізгі орта мектебінің ардагер ұстазы Нәбия Бисенова һәм Подстепный орта мектебінің ардагер ұстазы Махут Жапақов бар.

Маңдай термен келген алғысхатты табыстаған Әлия Мұханбетжанова өз атынан да ауданымыздың білікті ұстаздарына алғыс айтты. Жақсылық Имашев пен Тілекші Бектұрғанованың орындауындағы «Ұстазым» әнінен соң Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Ғұмароваға сөз берілді.

Зәуре Базарғалиқызы өз кезегінде Қазақстан Республикасы оқу – ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасын» табыс етті.

Аудандық білім беру бөлімі басшысы Мирас Сапарғалиевтің шақыртуын қабыл алған JAZZDAUREN есімімен тыңдармандардың жүрегін жаулаған Жандәурен Абылай жүректерден орын алған әндерін шырқап, теректілік ұстаздарды мерекемен құттықтады.

Білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, ұлтымыздың болашағы жастарға өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін лебіз жолдаған аудандық кәсіподақ комитеті филиалының төрағасы Ұлдай Сәрсенова Еңбек негізгі орта мектебінің директоры Өркен Бижановақа, Пойма мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Сисалиеваға, Подстепный мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, химия пәнінің мұғалімі Бейбігүл Керешоваға, Шаған мектебінің логопеды Гүлзар Сәрсекеноваға төсбелгі тағып, өзге де мұғалімдердің еңбегін алғысхатпен еледі.

Атырау қаласында өткен республикалық «Жас толқын – жас таланттар» байқауында бас жүлде иегері атанған «Телқоңыр» ансамблі Манарбек Ержановтың «Сайра Бұлбұлым» әнін әуелетті. Мирас Махмұтұлы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы «Құрмет грамотасын» табыстаған соң «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған аудандық конкурстың жүлдегерлерін жариялады. Нәтижесінде Аңқаты, Приречный жалпы орта білім беретін мектептері 3-орынды, Ақжайық, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептер 2-орынды, Шаған мектебі 1-орынды, Госплемстанция мектебі сайыстың бас жүлдесін иеленді.

Марапаттар жауған іс-шарада «Өркен» вокалдық тобы халық әні «Бипылмен», Ақбота бөбекжайының ересек тобы «Біз мектепке барамыз» биімен, Дәурен Жұмағалиев «Түрлі арман», «Ақжелкен» бөбекжайының ересек тобы «Ұстаз – ана», Тілекші Бектұрғанова «Жауап» әндерімен, Алена Герасимова «Деспасито» композициясымен таңдай қақтырды. Соңында «Ұстазым» әнін шырқаған триоға көпшілік тік тұра қошемет соқты.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале