6 қазанға тағайындалған республикалық референдум Бөкей ордасы ауданында да басталды.
Аудан орталығындағы 53-сайлау учаскесінде таңғы 06:00-ның өзінде-ақ комиссия мүшелері референдум учаскесіне келіп, полиция қызметкерінен референдум учаскесін қабылдап алды. Дауыс беретін бөлменің есік, терезелерінің бүтіндігін, бюллетень тұрған сейф мөрінің дұрыстығын, телефонның жасап тұрғандығын және т.б. комиссия мүшелерімен қарап, қабылдап алды. Келген байқаушылар БАҚ өкілдерін тіркеуді бастады.
Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы мөрлеп бекітілген сейфті ашып, одан референдум бюллетеньдерін шығарып, комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап алды.
06:30-да тұрақты және тасымалданатын дауыс беру жәшіктерінің тұтастығын, оларда референдум бюллетеньдерінің бар немесе жоқ екендігін тексерді. Дауыс беруге арналған жәшіктер пломбаланып, учаскелік референдум комиссиясының дауыс беруге арналған референдум учаскесінің ашықтығы туралы хаттамасы толтырылды.
Сағат 7:00-де еліміздің Гимні ойнап, референдум жұмысы салтанатпен басталды.
Комиссия төрағасы Қуаныш Елемесов бүгінгі күннің маңызына тоқталып, референдумның басталғанын салтанатты түрде жариялады. Еңбек ардагері Меңдібай Харесов ағамыз аудан тұрғындарын бір кісідей белсенділікпен дауыс беруге шақырды.
Комиссия төрағасы таң бозарып атқаннан учаскеге комиссия мүшелерімен жарысып жеткен Жұпар Ғабдуллинаға, ауыл ақсақалы Меңдібай Харесовке сый-сыяпат табыстады.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы