М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің спорт кешенінде орналасқан №415 учаскенің төрайымы Роза Абуованың айтуынша, референдумға БҚУ жастары белсенді түрде қатысуда.
– Бұл учаскеге 941 дауыс беруші тіркелген. Соның 911-і студенттер. Сағат 7.00-ден 10.30-ға дейін 700-ге жуық дауыс беруші өз таңдауын жасады, – деген Роза Сүйеуғалиқызы 700-інші дауыс беруші, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 2-курс студенті Аймира Қабеноваға тәтті ұсынды.
– Бүгін – маңызды күн. Студенттермен түрлі кездесулер өткізіп, референдумның мән-маңызын түсіндірдік. Жан-жақты талқыладық. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды бірге шешім қабылдауға шақырдық. Студенттер белсенді түрде дауыс беруде. Жастарға арнап байқау ұйымдастырдық. Байқау шарты бойынша студенттер дауыс беріп, суретін әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүктеуі тиіс. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс ететін боламыз, – деді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz