8.10.2024, 17:15
Оқылды: 64

Олжас Бектенов: «Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшетті жерсіндіру әдістерін жетілдіру және көзбояушылықтың жолын кесу қажет»

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмаларын орындау үшін елімізде 2027 жылдың соңына дейін 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет екенін атап өтті. 2021 жылдан бері елімізде 970 млн-ға жуық көшет отырғызылды. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысына және министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Осыған байланысты кешенді ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, ағаш отырғызу әдістерін жетілдіру тапсырылды. Дайындық жұмыстарын тиімді жоспарлаудың маңыздылығы да атап өтілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

IMG_7924

Сурет: freepik.com

«Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», —  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейіне назар аударылуда. Премьер-Министр әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін атап өтті.  

Экология министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін келесі жылдарға арналған көшет материалдарымен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды. Көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін Экология министрлігі оны өсіру және ағаш отырғызу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету бойынша агротехниканы сақтау тәртібін әзірлеуі керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале