Бөкей ордасы ауданының дамуын мен өркендеуін сүбелі үлес қосқан, соғыс және еңбек ардагерлері К.Меңдәлиевтің 110 жылдығы және Р.Егізбаев, М.Насимуллин, Қ.Ғайсин, А.Құсайыновтың 100 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Мазмұнды шараның шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен түрілді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков тізгінін ұстаған бұл шарада Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі, М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір, Жалпақтал архивінің директоры Миржан Қарабалин, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, өлкетанушы Гумаров Жұбан Орынғалиұлы, Хан ордасы тарихи – мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы Назымгүл Оразгелдиева, А.Құсайынов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айбек Бисеналиевтер мерейтой иелерінің өмірбаяны, ерлік пен еңбек жолы туралы баяндама жасады.
Аудандық мемлекеттік мұрағаттар бөлімінің басшысы Қуаныш Елемесов конференция қарарымен таныстырды.
Бүгінгі конференцияға облыс орталығы мен көршілес аудандардан арнайы келген Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайрлиевтер де бөкейліктердің қуанышына ортақтасып, тілектерін білдірді.
Елдің тойы ұмытып қалдырмаған ауданымыздың «Құрметті азаматы» Нұрлыбек Бірмановтың сәлемдеме хаты да оқылды. Ағамыз сәлемдемесінде:
«Ердің ісі – ел есінде» атты үлкен шара ұйымдастырып, ауданымыздың дамуына сүбелі үлестерін қосқан тұлғаларға арнап шара өткізулеріңіз мақтанарлық жағдай. Мұндай шаралар елдің еңсесін көтереді, жастарды тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосады, сол ағалар-аталарымыздай боламыз деген ниеттерін ынталандырады.
Осындай шараларды ұйымдастыру бөкейліктердің мықтылығы, басшыларының көрегендігі деп түсінемін», - депті.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Эльдар Сатқанов