8.10.2024, 22:34
Оқылды: 137

БҚО-да сот анасын өлтірген жасөспірімге үкім шығарды

БҚО-да ҚІжМАС және алқабилердің қатысуымен анасын өлтіру фактісі бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады БҚО ҚІжМАС-нің баспасөз қызметі.

Man and knife

Фото: iStock

«Оған аса қатыгездікпен басқа адамның өліміне заңсыз қасақана себепкер болды деген айып тағылды (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі 5)-тармағы). Істің мән-жайын заң бойынша жария ету мүмкін болмағандықтан, сот жабық сот отырысында қаралды», - делінген хабарламада.

Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты қолдап, сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындауды, ал жәбірленуші тарап сотталушыға ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сотта сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкінетінін айтты.

Айта өтейік, ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің санкциясында 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

ҚК-тың 81-бабының 7-тармағына сәйкес, кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру – 10 жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіргені үшін он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін.

«Алқабилер алқасының үкімімен сотталушы В. өзіне тағылған айып бойынша аса ауыр қылмысты ауырлататын жағдайда жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Үкімді шығару кезінде сотталушының кәмелетке толмағаны, мінез-құлқы, қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен жасаған қылмысының ауырлығы және шын ниетпен өкінуі ескерілді.

Сот заң талаптарын негізге ала отырып, оған ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады БҚО ҚІжМАС-нің баспасөз қызметі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале