Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның спортта жұлдызы жанып, бокссүйер қауым мен сарапшы мамандардың ыстық ықыласына бөленуде. Оны болашақта бокстың аңызына айналады деп болжам жасап жатқандар көп. Жас спортшының өз ісіне деген құштарлығы расымен де таңғалдырады.
Olympic.kz Қазақстан спортындағы жас дарындар туралы жазуды жалғастырады.
Төрехан – жолында жолыққан қарсыластарын тізе бүктіруге қауқарлы бірегей күштің иесі, қажыр-қайрат пен жігердің үлгісі.
Бозбала әлі де ересектер деңгейін сапалы еңсеруі керек, дегенмен қазірдің өзінде оның өн бойынан қазақстандық, тіпті әлемдік бокстың жұлдызына тән қасиеттерді көруге болады.
Суреттер: Olympic.kz
Оның шаршы алаңдағы жұдырықтасу стилін нағыз «сойқан» дерсіз: ол қарсыласына керемет шапшаңдықпен шабуылдап, сойқын соққыларын жаудырады. Соққылары да күтпеген жерден келеді. Қарсыластарын да қаншама рет нокдаунға жіберіп, көзге түскен. Өзімен қатарластары арасында ол көшбасшы боксшы саналады.
Жас боксшы 2006 жылы туған. Бұл ретте оның тағы бір қазақстандық дарынды боксшы Махмұд Сабырханның інісі екенін атап өту керек. Екеуі де жақын арада түрлі жарыста ел намысын қорғап жатса, таңғалмауымыз керек.
Ал Махмұдтың өзі інісі туралы қысқа ғана қайырады. Париж Олимпиадасының қатысушысы сұхбат берер алдында Төрехан жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
«Жуырда інім, Төрехан Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. Енді ересектер арасында да осындай жетістікке жеткенін қалаймын. Бұл үшін онда бәрі бар», - деді Махмұд Сабырхан.
Айтпақшы, Азия чемпионатына келер болсақ. Астанада алтын жүлде алған Төрехан жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық біріншілікте жеңімпаз атанған тарихтағы тұңғыш боксшы болды. Финалда ол 67 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Мухаммадазибек Исмоиловты жеңді. Сабырхан қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді.
Ал оған қатарынан екінші рет «Турнирдің ең үздік боксшысы» деген атау берілуі де таңғаларлық жайт емес. Азия чемпионаты кезінде ол қарсыластарын ойсырата ұтып, үстемдігін көрсетті.
«Ағам менімен бірге қарсыластарын зерттейді. Мәселен Азия чемпионатының алғашқы күні мен қырғызстандық боксшымен шаршы алаңға шықтым. Ағам маған сол қапталдан соққы жасауға кеңес берді. Солай жасадым. Екінші күні үнді спортшысымен жұдырықтастым. Махмұд екі қапталдан да жұдырықтасып, оны қыса түсу керектігін айтты. Трибунадан маған айқайлады, мен бапкерлер мен ағам не айтса, соны жасауға тырыстым.
Биыл қарашада жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Дайындалып, біздің елдің әнұраны шырқалуы үшін қолымнан келгенше жұдырықтасамын. Одан соң 2025 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Онда да барымды салып, дайындаламын.
Әр қарсыласқа әр түрлі тәсіл даярлаймыз. Мәселен өзбек спортшысына қарсы, өздеріңіз көргендей, мен ағамның тәсілін қолдандым. Ал қырғызстандық қарсыласқа кубалық тәсілді пайдаландым», - деді Төрехан Астанадағы жеңісінен соң ҚБФ баспасөз қызметі өкілдеріне берген сұхбатта.
Боксшының арсеналы да өте бай. Оның боксшыға тән зияткерлігін де ерекше атап өту керек. Ол жоспарсыз рингке шықпайды: күтуді, қарсыласына қарай икемделе қалуы, алдап түсіруді және қателіктерді байқап тұрады. Әр раундта ол қарсыласының іс-қимылдарын егжей-тегжейлі зерттеп, әлсіз тұстарын анықтап алады және оларды өз пайдасына пайдаланады. Күш пен тактикалық ойлауының арқасында оны жастар арасында ең «қауіпті» боксшы деп біледі.
Төреханның шаршы алаңда қашықтықты ұстауы да таңғалдырады. Түрлі соққыны еш қиындықсыз орындап, кезек-кезек шабуылдайды. Осы тұста ол қорғанысты ұмытпайды. Аяқпен жұмыс, соққыларды алдын ала болжау, соққыдан қашу – оның басты құралдары. Оның қарқынды қарсы шабуылдары да ерекше айта кетуге тұрарлық.
Ал соңғы раундтарда да бабында қалуы оның ерекше шыдамдылығынан сыр береді. Бұл оның спорттағы жетістігінің басты факторы. «Азиялық сойқан» зор күшке ие, қарқыны мықты спортшы. Мәселен Астана өткен Азия чемпионатының финалында ол қарсыласын соңғы үш минутта нокдаунға жіберген.
Жас боксшы шаршы алаңда ешкімге дес бермейтін, ақылы мен айласына сүйенетін қасиетімен ерекшеленеді. Бұл құнды. Әсіресе оның жасын ескерсек. Яғни ол жақын арада Қазақстанның негізгі командасының белді мүшесіне айналады деген сөз. Бастысы – бейімделу кезеңінде осы қасиеттеріне берік болса болды.
Қазақстандық бокс – бұл ұлы чемпиондардың қалған дәстүр сабақтастығы. Ал Төрехан солардың ізбасары болса деген тілек бар.