9.10.2024, 14:45
Оқылды: 130

БҚО әкімі Жаңақала ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін өңір басшысы Нариман Төреғалиев іс-сапармен Жаңақала ауданына ат басын тіреді.  Алдымен аудандық мәдениет үйінде округтерден келген «Ауыл аманаты» жобасы аясында қатысушылардың шығарған өнімдерімен танысып,  әр тауар өндірушімен жеке тілдесіп, жобаның тиімділігі мен артықшылықтары жайында сұрап білді.

3f3c5e99-8dd3-4a46-88b2-1fafb764d760

Өз өнімдерін таныстырған ауыл тұрғындары пікірлері мен ұсыныстарын да жеткізді. Айта кетелік, ауылшаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған аталмыш жоба ауданда сәтті жүзеге асырылып жатыр. Алыс ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарлама елдің экономикалық тұрақтылығын арттырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да оң әсер етеді.

Жоба аясында шағын цех ашып, ет өнімдерін өңдеуді жолға қойған көпжасарлық Мариям Мусина:

— Негізінен қазы-қарта, қақталған қазы, шұжық шығарамыз. Көбіне тапсырыспен жұмыстанамыз. Облыс орталығындағы жәрмеңкеге тауарымызды апарып тұрамыз. Апта сайын бір ірі-қара және бір жылқы сойып, етін өңдейміз, - дейді.

Жоба өнімінің таныстырылымынан соң Нариман Төреғалиұлы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен мемлекет тарапынан тауарлық несие алуға құжат тапсырған ауыл тұрғындарына арнайы сертификаттар табыстады. Мұнан соң облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

b8121f37-6e72-472e-bc03-9840b2831def

Аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы атқарылған істер легіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жүзеге асқан жұмыстар аудан газетінің 41-санында жарияланған болатын. Сондай-ақ жиын барысында Мәстексай, Пятимар, Қызылоба, Жаңажол ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункттеріне жаңа жедел жәрдем көлігі табысталды. Ауылдық округтер мен елді мекендерде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топ мүшелеріне, нақтылай кетсек, көпбалалы, толық емес, І және ІІ мүгедектігі бар, мүгедек баланы асырап отырған отбасы мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға Көпжасар, Бірлік ауылдары мен Мұқыр, Жуалыой елді мекендерінен жаңа үйдің кілті салатанатты түрде тапсырылды.

Сөз тізгінін алған Нариман Төреғалиұлы әуелі осы жылы көктем айында болған тасқын судың алдын алуда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған  жаңақалалықтарға алғысын білдіріп, аудан көлемінде инвестиция тарту бойынша жұмыстарды бірлесе ұйымдастыру қажет екендігін айтып өтті.

– Биыл облыс бойынша 21 инвестициялық жобаға 108 млрд теңге жұмсалу жоспарланып, тиімді жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ауылшаруашылық саласына айтарлықтай көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Осы ретте өзіміздің арнайы жоспарымыз бар. Ол – отандық өнімдеріміздің сапасын бақылап, экспортқа шығару. Күні бүгінде облысымызда пияз, орамжапырақ, сәбіз секілді көкөністерді өзіміз өндіріп, 75 пайызға жетіп, жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Алдағы уақытта шаруа қожалықтарымен бірлесе егіс алқабын нығайтуға күш салатын боламыз. Тауар өзімізден неғұрлым көп өндірілсе, бағасы соғұрлым тиімді болады, - деді.

0bab5d24-4dbf-43a2-b894-00e7c3769404

Одан әрі залға жиналған жұрт көптің көкейінде жүрген жол, үй, киік мәселесін қозғап, ұсыныстарымен бөлісті.

Кездесу жиыны аяқталған соң Нариман Төреғалиұлы тұрғындарға жеке қабылдау ұйымдастырды.

Түс ауа облыс басшысының іс-сапары Бірлік ауылында жалғасты.

Құрылысы жуырда басталған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысын барлап, бұған дейін де күн тәртібінен түспеген жөндеуге мұқтаж М.Мирманов атындағы ЖОББ мектебінің жай-күйімен танысты.

Білім ордасына келер жылы күрделі жөндеу жүргізілетінін тілге тиек етіп, Алпамыс Жаңабайұлына аудандық бюджет есебінен оқу ошағын жаңа жиһаздармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Одан соң ауылдық мәдениет үйінде 1963 жылдан бастап асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен айналысатын «Бірлік мал зауыты» ЖШС инвесторларының жоспарын тыңдады.

Мал зауытының директоры Қанат Мұхтарұлы  кәсіпорынның тарихын әріден қозғап, алдағы мақсатымен бөлісті. Сол жердің тыныс-тіршілігімен жіті танысқан Нариман Төреғалиұлы  бірлігі жарасқан ауылды «Үлгілі ауыл» етуге ұсыныс тастады.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале