9.10.2024, 18:00
Оқылды: 34

БҚАТУ студенттері халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды

Биылғы 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Ресейдің Сочи қаласында әлемнің 36 елінен 600 үздік студентті жинаған Қаржылық қауіпсіздік бойынша IV халықаралық олимпиада өтті. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.

WhatsApp Image 2024-10-04 at 19.17.52

Бағдарламасы дәрістер, интерактивті шеберханалар, шеберлік сағаттары, панельдік пікірталастар, викториналар, байқаулар, мәдени және спорттық сайыстар сынды 60-тан астам түрлі іс-шарадан құрылған олимпиаданың мақсаты – жас ұрпақтың ақпараттық, қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, талантты жастарды іздестіру, қаржылық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу дағдыларының дамуын ынталандыру.

Осы халықаралық додада Қазақстан командасы қаржылық тергеу бойынша «Графус» оқу жүйесінде ұйымдастырылған жарыста ІІІ орынды иеленді.

Команда мүшелерінің ішінде Жәңгір хан университетінің «Қаржы» мамандығы бойынша 4-курс студенттері Дана Абдулшаева мен Кәмшат Аманжол да болды. Сондай-ақ Дана Абдулшаева «Экономика» пәні бойынша жүлдегер атанып, II дәрежелі дипломмен марапатталды.  

Еске сала кетсек, осы жылдың мамыр айында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиада – 2024» атты үш кезеңнен тұратын олимпиада өткізген еді.

Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша І орын алған Д.Абдулшаева мен II орын алған К.Аманжол Сочи қаласында (РФ) өтетін Олимпиаданың соңғы кезеңіне жолдама алған болатын.

Жетекшісі – экономика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Альберта Шынболатқызы Абдешова.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале