10.10.2024, 17:30
Оқылды: 141

БҚО: Басқарма бейқам, бөлімдер «жомарт», қадағалаушылар «дел-сал»

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында облыстық құрылыс басқармасы қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиторлық тексерістер қорытындысы қаралды.

тексеру комиссиясы отырысынан фото

Мемлекеттік аудиттік тексеріс облыстық құрылыс басқармасында Бәйтерек, Бөрлі, Ақжайық, Сырым аудандарының және Орал қаласының құрылыс бөлімдерінде жүргізілген. Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесі Қайрат Жапақовтың баяндауынша, аудитпен анықталған қаржылық бұзушылықтар ішінде 92 млн теңге өтелуге және 13,9 млрд теңге жұмыстармен (есепке алумен) қалпына келтіруге жатады. Аудит барысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 6 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті құрылымдарға жолданды. Сондай-ақ Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімінде анықталған заңнаманы бұзу деректері бойынша материалдар БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберілді.

Орындалмаған жұмыстарды негізсіз қабылдаған

Аудиторлар орындалмаған жұмыстарды мердігерден негізсіз қабылдау және шарт бағасына қосымша құн салығын негізсіз қосылған деректерді тексеру барысында тиісті бақылау-өлшеу жұмыстары жүргізілген. Осының нәтижесінде Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі Жаңатаң ауылында су құбырын салу жұмыстарын орындау барысында «КазЕвроСтрой» ЖШС-ға 8,3 млн теңге, Красноармейское ауылында су құбырларын салу барысында «Engineering and construction group» ЖШС-ға 77,0 млн теңге, Чеботарево ауылында су құбырларын салу барысында «Engineering and construction group» ЖШС-ға 64,7 млн теңге негізсіз төлем жасаған. Құрылыс бөлімі «Engineering and construction group» ЖШС-ға бақандай екі ауылдың су құбыры салынды деп бюджет қаражатынан 142 млн теңгені аударып жіберген. Қағаз жүзінде жасалды делінгенмен, әлі күнге екі ауылдың су құбыры пайдалануға берілмей отыр. Жаңатаң ауылындағы су құбырын салуда қысым реттегіш, ұңғымалардың құрылысы, №1 ұңғымадағы баспалдақ құрылысы «ұмыт» қалған. Красноармейское ауылында су құбыры құрылысы бойынша дизель-генератор алынбаған, сыртқы байланыс жүйелері (бейнебақылау, өрт дабылы), локалдық сметасында көрсетілген жұмыстар орындалмаған, сорғы стансасында сорғылары, бактерицидтік қондырғылары, электр жабдықтары бар технологиялық жабдық мүлдем жоқ. Әрі тротуардың бетон жабыны төселмеген. Чеботарево ауылында да сондай келеңсіз жағдай анықталды.

Орал қаласының құрылыс бөлімі «Орал қаласының Самал шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысы» жұмыстарын орындауды мойнына алған  «Жайық Сити» ЖШС-ға жұмыстары үшін ақы төлеу кезінде 33,7 млн теңге, «Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтауға арналған көтергіш сорғы стансасын салу» жұмыстарын орындау барысында «Көлсай Строй» ЖШС-ға 3,1 млн теңге негізсіз төлем жасаған. Аталған нысандардың құрылысы аяқталмаса да, «Мұзтау» ЖШС-ға техникалық қадағалау қызметі үшін 1,3 млн теңге, «Smartech» ЖШС-ға ауторлық қадағалау қызметі үшін 479,4 мың теңге, яғни келісімшарт сомасын  толықтай төлеп, «мырзалық» танытқан. Бөрлі ауданының құрылыс бөлімі «Ақсай қаласындағы  Қарашығанақ-1 ықшам ауданында 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салу» нысаны бойынша мердігер «Жиенбай» ЖШС-ға 12,6 млн теңге төлеген. 2022 жылғы қазан және қараша айларында  орындалған жұмыстар актілерінде көрсетілген крандар, светодиодты шамдар, тұрмыстық газ есептегіш және газдануды аутоматты бақылау жүйесі жоқ болып шықты. Сондай-ақ 2023 жылғы қазан айындағы актілерде көрсетілген крандар болмаған. Сырым ауданының құрылыс бөлімі «Сырым ауданы, Көгеріс ауылындағы су құбырының құрылысы» жобасын жүзеге асыру барысында «Life Stroy Invest» ЖШС шотына 2,8 млн теңге жұмыс орындалмаса да аударып жіберген. Атап айтқанда, құрылыс нысанында тиісті электрогенератор орнатылмағаны белгілі болды.  «Орал қаласының Самал шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысы» нысаны бойынша 2022 жылғы желтоқсан айында орындалған жұмыстар актілерінде көрсетілген жұмыстар, соның ішінде геодезиялық құрылыс торын бөлу, жер жұмыстары, құбырларды төсеу орындалмаған. «Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтауға арналған көтергіш сорғы стансасын салу» жобасы бойынша 2021 жылғы қараша айында орындалған жұмыстар актілерінде көрсетілген абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген.

Бәйтерек ауданы бойынша 2022 жылдың шілде айында «Бәйтерек ауданы Переметный ауылында екі қабатты екі үйдің инфрақұрылымы және абаттандыру» жұмыстарын орындау үшін «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС 8,5 млн теңге аванс алған. Алайда жұмыстар орындалмақ түгілі басталмаған. Осылай бола тұра,  аудандық құрылыс бөлімі тарапынан төленген авансты қайтаруға қарекеттенбеген. Басқарма тарапынан бюджет қаражатының игерілуі қадағаланбаған.

Бөрлі ауданының құрылыс бөлімі «Ақсай қаласы, 10-ықшам аудандағы 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйге қазандық орната отырып, үй маңы аумағын салу және абаттандыру» жобасы бойынша аванс төлеген. Алайда нысан құрылысы аяқталмай, шарт бұзылған. Соның салдарынан «Теплоэнергострой» ЖШС-ның 11,2 млн теңге дебиторлық берешегі қордаланып, бюджетке өтелмеген. Сондай-ақ аталмыш бөлім құрылысқа ауторлық қадағалау жүргізуге 2021 жылғы келісімшарт сомасына 148,9 мың теңге қосымша құн салығын негізсіз қосқан.  Орал қаласының құрылыс бөлімі «Орал қаласы ПДП Ақжайық-4 шағын ауданында көппәтерлі тұрғын үйлер кешендері құрылысына» техникалық қадағалау жүргізуге 2023 жылғы шарт бойынша орындаушы «БатысСапаИнжиниринг» ЖШС-ның қосымша құн салығы бойынша есептен шығуына байланысты шарт 2 206,4 мың теңгеге азайтылмаған.

Құрылыс материалдары жобаға сай келмейді

Сырым және Ақжайық аудандарының құрылыс бөлімдері бойынша мердігерлердің сатып алған жабдықтары және жасалған жұмыстары тапсырыс берушімен бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасына (45,2 млн теңгеге) сәйкес келмейтіні анықталды. Сырым ауданының құрылыс бөлімі бойынша «Көздіқара ауылында су құбырының құрылысы» нысанының мердігері  «АрАй-НС» ЖШС-ның 16,1 млн теңгеге жасаған жұмысы жобаға сәйкес емес. Мердігер ұзындығы 4 метр темір-бетон панельді қоршаулардың орнына профлист қоршауларын орнатқан.

Ақжайық ауданының құрылыс бөлімінде «Чапаев ауылының су құбырын реконструкциялау» нысаны бойынша «Таир» ЖШС-ның 29 млн теңгеге сатып алған жабдықтары жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес келмейді. Мердігер SP 17-5 ныспылы ұңғымалық сорғылардың орнына SJ 30-4 ныспылы ұңғымалық сорғылар, AKVA Е3 ныспылы сорғының орнына CDM 42-3|3 шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған сорғы стансасы қойылған.  AKVA 2 өрт сөндіргіш сорғының орнына CDM 85-3-2|2 өртке қарсы сумен жабдықтау сорғы стансасы қойылған. ОДВ 100 ныспылы суды залалсыздандыру қондырғысының орнына DN 150 ныспылы қондырғысы, МР 204 – AKVA 7,5 kw маркалы қорғаныс басқару шкафтың орнына ШУН маркалы шкаф алынған. Әркім ойына келгенін істейтін болса, онда жоба не үшін жасақталады..?

Қабырғалары құлап, жаңаруы әдірам қалды...

Мемлекеттік аудит барысында 2,1 млрд теңгені құрайтын бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны мәлім болды. Бәйтерек ауданында 2022 жылы «Дариян, Махамбет, Үлкен Шаған, Переметное, Трекино, Достық ауылдарында 12 тұрғын үй салу» жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 39,1 млн теңге шығындалған. Тұрғын үйлер салу жобалары 2022-2024 жылдардағы есепті кезеңдерде қолдау таппаған. Сондықтан «Бәйтерек ауданында инфрақұрылым салу және тұрғын үйлерді абаттандыру» жобаларын іске асыруға бөлінген 179,8 млн теңге  бюджет қаражаты игерілмей қалды. Аудит тексерісі 218,9 млн теңгенің тиімсіз жоспарланғанын анықтады. 2022 жылы Ақжайық ауданының құрылыс бөлімі  мердігерді анықтап, «Ақсуат кентіндегі ауылдық мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту» жұмыстарын жүргізуге 91 млн теңгеге шарт жасады.

Сондай-ақ мердігерге 25,4 млн теңге аванс төлеген. Алайда құрылыс барысында мәдениет үйі ғимаратының саманнан тұрғызылған қабырғалары құлап, жаңаруы әдірам қалды.  2023 жылдың тамыз айында мердігер 19,9 млн теңгені бюджетке қайтарды. Бұл бюджет қаражатын 95,6 млн теңгеге тиімсіз жоспарлауға және ҚР Ұлттық қорынан қаражатты негізсіз бөлуге алып келген. Сырым ауданының құрылыс бөлімі «Сырым ауданының Алғабас және Бөрлі ауданының Қарағанды ауылдарындағы су құбырының құрылысы» нысанының сметалық құнын 45,3 млн теңгеге артық көрсеткен. Осы жағдай одан әрі бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға және ҚР Ұлттық қорынан қаражатты негізсіз бөлуге соқтырды.

Орал қаласының құрылыс бөлімі «Орал қаласының Самал шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысы» жобасына 112,5 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаған. Нысанның кәріз желілері мен траншеялар жолында көптеген кедергі пайда болған. Мысалға, жапырақты ағаштардың көпжылдық екпелері, жеке тұрғын үйлердің абаттандырулары өз кезегінде жобадағы жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік бермеген.  Осындай себептерден жобаны одан әрі жүзеге асыру мүмкін болмай, құрылыс толығымен тоқтатылған. Осы жобалау сметалық құжаттаманы «DAB LTD» ЖШС  жасаған.

2 мыңнан астам адам ауыз сумен  қамтамасыз етілмеген – Мемлекет басшысы өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде қалалар мен ауылдардың 100%  таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойды.

Мемлекеттік аудит барысында аудандық құрылыс бөлімдерінің 1,5 млрд теңгеге қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес қабылданған мемлекеттік мекемелердің міндеттерін толығымен орындамай отырғаны мәлім болды, – деді Қайрат Жапақов.

Атап айтқанда, Сырым ауданының құрылыс бөлімі «Сырым ауданының Алғабас, Бөрлі ауданының Қарағанды ауылындағы су құбыры құрылысы» нысаны бойынша 172,6 млн теңге қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес қабылданған мемлекеттік мекеменің міндеттері толығымен орындалмаған. Ақжайық ауданының құрылыс бөлімі «Ақжайық ауданы Тінәлі ауылына су құбырының құрылысы» нысандары бойынша 139,9 млн теңге, Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі Жаңатаң, Красноармейское, Чеботарево және Январцево ауылдарының тұрғындарын ауыз сумен қамту мақсатында сумен жабдықтау желілерін пайдалануға беру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша 1 млрд теңгені мердігерлерге төлегенімен, бақылауға атүсті қараған. Алайда Жаңатаң, Красноармейское, Чеботарево және Январцевоға арналған жобаға қаражат толық бөлінге-німен 2 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Осының өзі тиісті қадағалау жұмыстарының  жоқтығын көрсетеді. 2022 жылы «Ақжайық ауданы Бударин ауылындағы мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту» және «Ақжайық ауданы, Ақсуат кентіндегі ауылдық мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту» нысандары бойынша мекеменің міндеттері 122,4 млн теңгеге орындалмаған.

Бюджет қаражаты игерілмеген

Бөрлі ауданының құрылыс бөлімі «Ақсай қаласы, 4 аутокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы», «Ақсай қаласы, 10-ықшам аудандағы 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйге қазандық орната отырып, үй маңы аумағын салу және абаттандыру» және «Ақсай қаласындағы  Қарашығанақ-1 ықшам ауданында 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салу» нысандары бойынша 168 млн теңгеге міндеттерін орындамаған.

Орал қаласының құрылыс бөлімі бойынша «БҚО Орал қаласы, Орал-Атырау, Орал-Саратов трассалары арасындағы көпқабатты құрылыстың 26-белгі, 27-белгі инженерлік желілерін жеткізу және абаттандыру» жобасы аяқталмаған. Осы жобаны іске асыруға жобалық сметалық құжаттамасына түзету жүргізілгеннен кейін 2023-2024 жылдар кезеңінде жыл сайын 182,1 млн теңге көлемінде бөлінген бюджет қаражаты игерілмеген. Себебі 2018 жылғы №72 шарт мерзімі аяқталып, құрылыс бөлімі жобаны іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу талаптарына сай орындаушыны анықтауға қарекет жасамаған. «Орал қаласының Самал шағынауданында кәріз желілерінің құрылысы» жобаны әзірлеу және оны іске асыру бойынша 78,7 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланды. Осы себептерден Самал шағынауданында кәріз желілерінің құрылысы жалғасын таппай, құрылыс жұмыстары толықтай тоқтатылды.

Тексеру комиссиясының отырысында құрылыс нысандарының жұмысын орындау кезінде негізсіз жүргізілген төлемдер аясында ауторлық қадағалау және техникалық қадағалау қызметін тиісінше орындамау деректері көтерілді. Олар – жоғарыда көрсетілген нысандар бойынша «Алатау сапа құрылыс», «Инжиниринговая компания по организации строительного производства», «Уралводпроект», «Алатау сапа құрылыс», «Redline Pro» ЖШС, «Мастер Металл Пласт», «Қабылан эксперт»,  «Smartech», «Мұзтау» ЖШС-лары.  Анықталған деректер бойынша өз міндеттеріне салғырт қарап, жасалмаған жұмыстарды дел-сал қабылдаған ауторлық және техникалық қадағалаушылардың әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін материалдар Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына жолданды.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале