Орал қаласында өткізілген тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы жекелей және командалық чемпионатқа Орал қаласымен қатар Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Тасқала, Жаңақала аудандары белсене қатысты.
Төрт күнге созылған ақыл-ой додасында ауданның балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары да топ жарып, жарыстың классика түрінен 11 жасар қыздар арасынан Фатима Маратова 2 орынды, 13 жасар Зухра Ғазез бен 15 жасар Айназ Сақтаған 3орынды иеленсе, 15 жас ұлдар арасынан Нұрәлі Арматұлы 1 орынның биігінен көрінді.
Блиц (шапшан ойын) түрінен 11 жастағы қыздар арасынан Фатима Маратова мен Камила Дамирқызы, 13 жас қыздар мен ұлдар арасында Ислам Жақсылық пен Әминат Яхинат 3 орынға табан тіреді.
15 жас ұлдар арасынан Нұрәлі Арматұлы 2 орынды, Айназ Сақтаған 3 орынды місе тұтты. Ал жастар арасында блиц түрінен Бейбарыс Жолдасқали 3 орын алып, ауданымыздың тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы Қайрат Шәутенов жетекшілік ететін жастарымыз жалпы командалық есепте 3 орыннан табылды.
Топ жарып, үздік ойыншы ретінде танылған Нұрәлі Арматұлы биыл 1-8 қараша күндері Семей қаласында өтетін тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы жекелей және командалық чемпионатында өнер көрсететін болады.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы