14.10.2024, 14:45
Оқылды: 62

Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады

Бүгін Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

IMG_8498

Сурет: Ақорда

Санжар Жаркешов:

• ұлттық компанияның биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы туралы есеп берді;

• ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және транзиттік әлеуетті дамыту бойынша бұған дейін берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысын баяндады;

• «Алматы – Байсерке – Талғар» газ құбырының екінші желісін салу, сондай-ақ Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр орталықтарының газға арналған инфрақұрылымын жасақтау жұмыстары аяқталғанын айтты. Бұдан бөлек, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры салына бастады. Өзбекстанға газ тасымалдау көлемін ұлғайту үшін «Орта Азия – Орталық» жүйесін жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр;

• ресурстық базаны кеңейту шаралары жөнінде мәлімет берді:

      – ел экономикасындағы тауарлы газды тұтыну көлемінің еселеп артуын ескере отырып, аталған саланың геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыруға шетелден инвестиция тартылған;

      – Chevron компаниясымен Ақтөбе облысында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойылған. Жоба толығымен инвестордың өз қаржысы есебінен жүргізіледі;

• Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесе жүргізіліп жатқан бастамалар туралы баяндады. Бұл шаралар Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, көгілдір отынның лайықты тарифі мен көтерме бағасын белгілеуге қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданып жатыр.

Президент жылыту маусымында халықты және экономиканы газбен тұрақты қамтамасыз ету, саланы реформалауды жалғастыру, газ тасымалдау жүйесінің қуаттылығын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале