14.10.2024, 17:45
Оқылды: 155

Ақниет – ата кәсіпті жалғаған перзент

Бүгінде техника мен ғылымның дамыған уақытында көліктің қажеттілігі орасан зор. Себебі адамдар көліктің көмегімен жұмысқа уақытында барып, шаруаларын жылдам ыңғайлайды. Ер адамдардан қалыспай қазіргі күні әйел адамдардың да темір тұлпарды тізгіндегенін көріп жүрміз.

image-14-10-24-12-03

«Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» деп бекер айтпаса керек. Ата-бабамыз айтып кеткен мақал-мәтелдерінің астарында айтар ойы, астарлы ақиқаты тереңде жатыр. Қаланың баласы даланы аңсаса, ауылдың баласының бар ойы – қаладағы қызықтар десек қателеспейтін шығармыз. Дегенмен жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып жүрген кішкентай балаларды да көріп жатамыз. Кей балалар қыдыра жүріп, еңбек етіп жатады. Дегенмен әр балада еңбекке деген қызығушылығы әр қалай келеді. 

Бүгінде Көктерек ауылының кішкентай тұрғыны ерекше ісмерлігімен жұртшылықтың сұранысына ие болып жүр. Ауыл тұрғындарының дамуына үлес қосып жүрген Ақниеттің істеп жүрген тірлігі көпке үлгі деп айтуға болады. Еті тірі Ақниеттің қай шаруаға да ептілігі мен пысықтығы бірден көзге түсіп тұрады. Кішкентай кезінен атасының қасында жүріп, тірлікке араласып жүрген бала ақша, олжа оңайлықпен келмейтінін жақсы біледі. Мектеп оқушысы болса да көлік жөндеп тапқан нәпақасын анасына беріп, аз болса да отбасына болысып жүр. Осы орайда Ақниеттің өзімен әңгімелескен едік.

– Мен Көктерек атындағы ЖООБМ-нің жетінші сынып оқушысымын. Кішкентай кезімнен атамның қасында жүріп көп нәрсені үйрендім. Атам маған көп қызықты мәлімет айтып отыратын. Атам кішкентайымнан құлағыма үнемі «Бұрынғы заманда адамдар ақшаны тұзбен есептеп отырушы еді. Қазіргі дамып келе жатқан заман басқаша. Сондықтан несібінді адал атқарып, нәпақанды тап» айтып отырушы еді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіпті мен де жалғастырып келемін. «Ата кәсібі – бала кәсібі» дегенді осылай түсінемін. Бір жылдан бері әкеммен бірге көлік жөндеу жұмысына араластым. Ең алдымен дөңгелек жамаудан бастап, бүгінде күшім жеткенше көлікті өз бетімше жөндей беремін. Осы уақытқа дейін тәжірибе жинадым. Үш ай жазғы демалысымды босқа өткізбейін деп қаладағы көлік жөндеу орталығындағы ауыл ағаларына көмектестім. Алдағы уақытта кәсібімді дөңгелетіп, армандарымды жүзеге асырғым келеді, - дейді Ақниет.

image-14-10-24-12-03-3

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне мән беріп, ер жастан еңбекке баулып отырған. Жас болса да Ақниеттің бос уақытын текке өткізбей, еңбекке араласқанына әжесі риза болып, батасын беріп отырады.

– Ақниетім немереден – алғашқы. Кішкентайынан алғыр, зерек, ұқыпты, ісіне тиянақты, өзіне жүктеген міндетке жауапкершілікпен қарайды. Мектепте озат оқушы, шараларға белсене қатысып жүреді. Бала болып, басқа балалар сияқты бұзықтық жазағанын көрмедім. Кішкентай кезінен атасының қасында жүріп, біраз нәрсені үйренді деп ойлаймын. Алғашында гаражда темірлермен ойнап жүрген шығар деп, жасап жүрген тірлігіне мән бермейтінмін. Кейіннен бұның жай қызығушылық емес екенін түсініп, немереме қолдау білдірдім. Былтыр жаздан бері әкесінің қасында көлік жөндеу жұмыстарына көмектесіп жүр. Ата кәсіпті жалғаған ұл деп айтуға болады. Сіздерге де немерем секілді салиқалы ұрпақ нәсіп етсін, - дейді риза кейіппен ақжаулықты әжеміз.

Ақниетке темір тұлпарларын жөндетуге келген адамдардың қарасы көп екен. Солардың бірі көлігінің дөңгелегін жаматуға келіп тұрған Серік Жасталапұлының пікірін білген болатынбыз.

– Ауылымызда шиномантаж ашылып жақсы болды. Себебі көлік жөндеу үшін аудан орталығына немесе көрші ауылдарға баратынбыз. Айдап жүрген көлігімді Ақниет балама жөндеуге алып келіп тұрмын. Жас болса да үлкен адамдардың жасайтын тірлігін жасап, ауыл тұрғындарының алғысын арқалап жүр. Ақниеттің осы саламен айналысқанына жылдан асты. Әкесі жоқ болса да, өз күшімен жұмысын жасай береді. Одан бұрын марқұм атасы айналысатын. Енді міне әкесі мен бірге баласы да айналысып келеді. «Болатын баланың  бетін қақпа, белін бу!» деп бекер айтпаса керек. Біз де ауыл халқы болып, кішкентай баламызға қолдау білдіріп, алғысымызды айтамыз, - дейді Серік аға.

image-14-10-24-12-03-1

Әрине, кәсіпке бейімделу бүгінгі күннің – талабы. Жас та болса Ақниеттің кәсібін дөңгелетіп отырғанына, еңбекқорлығына тәнті болып қайттық. Көлік жөңдеуді кәсіп етіп, күнкөріске айналдырып отырған әкесі мен баласына ауыл тұрғындары да дән риза.

Кішкентай бала болса да доп ойнап, ойын қуып кетпей, отбасына болысып жүрген баланың атқарып жүрген еңбегін көпке үлгі етіп, халыққа жариялауды жөн көрдік.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале