14.10.2024, 23:26
Оқылды: 108

Сырым ауданында ұлттық мектеп лигасы басталды

Ұлттық мектеп лигасы жарыстарының аудандық кезеңі басталды. Асық ойындарынан басталған жарыс 20 желтоқсанға дейін жалғасын таппақ. Спорттың асық ойындары, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, футзал, волейбол, баскетбол түрлерінен оқушылар арасында жарыс өтеді.

IMG-20241014-WA0112

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев қатысып, сөз сөйлеп, балғын спортшыларға сәттілік тіледі.

ұлттық мектеп лигасы

Асық ойындарына аудан мектептерінен 14 команда қатысты. Ұлдар асықты дәлдеп атудан бақ сынаса, қыздар бес асықтан сынға түсті. Мерген ұлдар сақаны сарт етіп тигізген сайын ойынның сәнін кіргізді. Қырағы жеткіншектердің шеберлікпен ойнаған ойыны ұлттық спорттың өміршең болатынын аңғартқандай. Балаусалар арасындағы бес асық бәсі де шапшаңдық пен ептілікті талап етті.

IMG-20241014-WA0113
Тартыс ойын нәтижесінде 5-6 сынып оқушылары арасынан Қособа орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешені үздік көрініп, жоғары ұпаймен 1 орынды қанжығалады. Қызылағаш негізгі мектебі 2, Аралтөбе орта мектебі 3 орындарды еншіледі.
7-8 сыныптар арасындағы жарыста Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп 1 орынды жеңіп алса, Сырым мектеп-лицейі мен Қособа орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешені 2 және 3 орындарды бөлісті.
9-11 сыныптар додасында Қособа орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешені дес бермей, жеңімпаз атанды. Абай орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешені 2 орын тұғырынан көрінді. Ал, Аралтөбе орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларына 3 орын бұйырды.

Шынар Молданиязова
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале