15.10.2024, 11:46
Оқылды: 95

Жалпақталда медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істейді

Елімізде денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтап, адам денсаулығын нығайту мақсатында ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мекемелері жанынан аса қажетті медициналық бөлімшелер ашу мемлекетіміздің басты ұстанымы деп айтуға әбден болады.

IMG-20241010-WA0026

Осыған орай аталмыш талапты орындау жолында денсаулық сақтау мекемелерін медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазанындағы №167 бұйрығына сәйкес Жалпақтал ауылындағы №2 аудандық ауруханасы жанынан медициналық оңалту қызметін жандандырып, физиотерапиялық емдеуді көрсету үшін 2024 жылдың қаңтар айынан бастап оңалту бөлімшесі ашылған еді.

– Ауыл тұрғындарын сапалы медицинамен қамту мәселесі – мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Жалпақтал ауылында орналасқан Казталов аудандық №2 ауруханасында медициналық оңалтудың амбулаториялық-емханалық, күндізгі стационарлы, тәуліктік стационарлы, оның ішінде қашықтықтан медициналық оңалту қызметтерін көрсету мақсатында оңалтуға арналған медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген жаңа дербес құрылымдық медициналық оңалту бөлімшесі үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап өз жұмысын бастады. Жаңа бөлімше медициналық оңалтудың кезеңдерін өткізу мақсатында заманауи үлгідегі физиотерапиялық, емдік дене шынықтыру аппараттарымен қамтамасыз етіліп, оңалту саласының мамандарымен толықтырылып өз жұмысын атқарып келеді. Арнаулы бөлімше медициналық бұйымдармен жарақтандырылып, оңалту жұмыстарын жүргізу үшін физиотерапиялық емдеуді көрсету келесідей аппараттармен қамтылды. Электрмен емдеу (гальванизация және дәрілік электрофорез, диадинамотерапия, амплипульстерапия), магнитотерапия, магнитті лазерлі терапия, аэрозоль терапиясы, жарықпен емдеу (куфтерапия, лазерлік терапия), ультрадыбыстық терапия, қолмен емдік массаж түрлері, жылумен емдеу (парафин).

IMG-20241010-WA0014

Бөлімшеде емдік дене шынықтырумен, физиотерапияның қазіргі заманғы құралдары мен әдістерін пайдалана отырып балалар мен ересектердің орталық жүйке жүйесі аурулары, жүрек-қантамыр аурулары,тыныс жолдарының аурулары, тірек-қимыл аппараты аурулары және тағы да басқа аурулар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды, ересектерді қалпына келтіруді, емдеуді ұйымдастыруға арналған. Бөлімшеде әр жағдайда физиотерапиялық және емдік дене шынықтыру ем шараларын тиімді таңдау туралы физиотерапевт, кинезиотерапевт (емдік дене шынықтыру) дәрігерінің кеңесі беріледі. Қазіргі таңда аурухананың бұл бөлімшесінде дәрігер және орта медициналық мамандар (физиотерапиялық мейіргер, массаж мейргері, ЕДШ нұсқаушысы) жұмыстарын жасап келеді, - дейді осы бөлімшенің меңгерушісі Нұртас Мұратұлы.

Өзінің алғашқы еңбек жолын Жалпақтал аурухансынан бастап, жас маман ретінде жерлестеріне дәрігер болып қызмет атқарып жатқан Нұртас Мұратұлы 1993 жылы 28 қыркүйекте дүние есігін ашқан. 2011 жылы Жалпақтал ауылындағы Ғинаят Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебін аяқтағаннан кейін, 2022 жылы Астана қаласындағы «Астана медицина университеті» КеАқ «Реабилитология және спорттық медицина» кафедрасы «Кинезитерапия» мамандығы және білім беру бағдарламасындағы денсаулық сақтау бакалавры дәрежесі бойынша жоғарғы маман иесі атанған.

Одан кейін 2023 жылы Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың үлгілік бағдарламалары бойынша «Физиотерапия» біліктілікті арттыру циклін бітірген. Қосымша «иглотерапевт», «гирудотерапевт» мамандықтары бойынша біліктіліктерін алып шыққан.

Бүгінгі күні Нұртас Мұратұлы Жалпақтал елінің азаматы ретінде, еңбегін Жалпақтал ауруханасында кинезиотерапевт, физиотерапевт болып жалғастыруда. Нұртаспен бірге осы бөлімшеде медициналық көрсеткіштерге сәйкес көмек көрсетудегі білікті маман есебінде физиотерапия мейіргері Гүлжан Кажығалиева, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Берік Ғаббасов, массаж мейіргері Жұлдыз Абдрахмановалар да жемісті еңбек етіп келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале