Облыста 9 ай көрсеткіші бойынша көкжөтелдің расталған 38 жағдайы тіркелді. Ауру 14 жасқа дейінгі балалар арасында-37 (97%). Ауырған балалардың 35 екпе алмаған, бұл жалпы ауырғандардың - 92% құрап отыр.
Сурет: alatau24.kz
Көкжөтел ауруының алдын алу бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың 2024-2025 жылдарға арналған жоспарға сай іс-шаралар жүргізілуде, әр түрлі себептермен уақытында екпе алмаған 1723 балаға толықтыра екпе жасалды.
Көкжөтел ауруы вакцинамен басқарылатын аурулардың қатарына жатады, ауырған балалардың барлығыда ауруға қарсы екпе алмағандар.
Көкжөтел – бұл көбінесе балаларда байқалатын, ауа – тамшы жолымен жұғатын, спазмды ұстамалы жөтелмен білінетін жедел инфекциялық ауру. Көкжөтелдің ерекшелігі – тыныс алу функциясының бұзылуы және аурудың дамуы кезінде тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарының зақымдануы.
Инкубациялық кезең 6 күннен 20 күнге, алғашқы немесе катаральды кезең 14 күнге дейін, ұстамалы жөтелдің пароксизмалды және инспираторлы ентігу кезеңі1 ай және одан да көп кезеңге созылады.
Көкжөтелдің белгілері жоғары тыныс жолдарының бактериялық инфекциясына ұқсас:
- дене қызуының +38°С-қа дейін көтерілуі, қалтырау;
- әлсіздік, бұлшықеттердің «сырқырауы», бас ауруы;
- мұрын жолдарынан ағу, мұрынның бітелуі, құрғақ жөтел, шырышты қабықтың ісінуі.
Жөтел ұстамасы кезінде науқас қиналып, беті қызарып, құсып қатты қиналады және тынысы тоқтап қалуы мүмкін. Көкжөтел қатты асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы мүмкін.
Көкжөтелдің алдын алу. Бүгінгі таңда көкжөтелмен алдын алудың жалғыз және тиімді шарасы - міндетті вакцинация күнтізбесіне енгізілген иммундау болып табылады. Ол бала өмірінің бірінші жылында жасалады. Сондықтан ата-аналар үшін балаларын иммундау орынды шешім болып қала береді. Вакцинация аурудың белгілері жоқ (суық тию, дене қызуының көтерілуі), дені сау балаларға ғана жасалады. Вакцинация жоспарлы түрде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 2 айда, 3 ай, 4 ай және 18 айда жүргізіледі.
Балаңызды иммундауды кешіктірмеңіз! Оның денсаулығы – сіздің қолыңызда!
Н.Мұстаев,
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары