16.10.2024, 12:00
Оқылды: 208

Шыңғырлаудың Ақбұлағы – тазалықты ту еткен ауыл

Табиғаттың ажырамас бөлшегі болғандықтан, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына қай уақытта да барынша көңіл бөлген дұрыс.

Тазалық1

Айналаның таза әрі әсем болғаны кімнің болсын көңіліне жылылық пен шуақ сыйлайтыны рас. 

Қоршаған ортаның тазалығы да адам өміріне әсер етеді. Таза ортаның табиғаты да, ауасы да адам жанына жылулық ұялатады. Тазалық, ауыл, елді көркейту туралы сөз қозғай қалғанда осы бағытта үлгі етерлік жұмысты қолға алып келе жатқан Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округі тілге оралады.

Жалпы көктем келіп, күн жылуын сыйлаған тұстан бастап ауыл жұртшылығы, мекеме-ұйымдар түрлі сенбіліктердің басы-қасында жүреді. Әр тұрғын өз үйлеренің маңын қыстан шыққан күл-қоқыстан тазартып, аулаларына бір түп болса да көшет отырғызуды, үй-мекеме айналысын әсем гүлдермен көмкеруге тырысады.

Өткен жылы да ауылды абаттандыру, көгалдандыруға атсалысқан тұрғындар арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылған болатын. Осы атауға лайық болған ауыл тұрғындарының көптігі сол жолы қуантқан еді.

Енді міне, «Ең таза мекеме» атты конкурс та мәреге жетіп отыр. Өз мекемелерінің айналысын таза ғана ұстап қоймай, маңын әсем гүлдермен, түзу өскен көшеттерімен көмкерген мекемелер сынға түскен болатын. Конкурстың нәтижесінде көздің жауын алатын әсем гүлдері анадайдан көз тартатын Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінің ұжымы жеңімпаз деп танылды.

Үнемі суғарылып, күтімге алған гүл шоғырлары қара күз әлдеқашан күш алғанымен әлі де көздің жауын алады. Конкурсты қорытындылаған ауыл әкімі Светлана Бәйтенова мекемеге арнайы келіп, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы аясында көркейту жұмыстарын нақты қолға алған ұжым қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ алғысхат тапсырып, тәтті тоқаш ұсынды. Жалпы ауылдағы өзге де мекеме-ұйымдар ауылды көркейту, абаттандыру жұмыстарына барынша белсенділікпен қатысып келеді.  

Туып-өскен жеріңнің табиғаты да, өзен-көлдері де таза болу үшін шын мәнісінде еңбектене білу керек. Сонда ғана жұтып отырған ауамыз, тұтынып отырған өніміміз де табиғи таза болмақ.

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале