Батыс Қазақстан облысында волейболдан БҚО ішкі істер органдарының ардагерлері арасында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Ұзақбай Джаниевтың 70 жылдық мерейтойына арналған турнир өтті. Бұл туралы БҚО ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысқа облыстан 50-ден астам спортшыдан құралған төрт команда қатысты. БҚО ПД облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еділхан Нұртазаұлы, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Серікқалиұлы жарыс алдында құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бір кездері учаскелік инспектор лауазымынан бастаған Ұзақбай Рамазанұлына БҚО Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиевтің атынан құттықтау хаты оқылып, «ІІМ-нің құрметті ардагері» және «Қылмыстық іздестіру ісіне – 105 жыл» төсбелгілері табысталды.
Команда мүшелерінің жасы егде тартқынымен ала допты алақанда иіріп, көпшілікті таң қалдырды.
Тартысты өткен жарыс қортындысы бойынша:
І орынды – БҚО Полиция департаментінің ардагерлер командасы, ІІ орынды – МАИ ардагерлер командасы, ІІІ орынды – Бөкей ордасы АПб ардагерлер командасы жеңіп алды.
Тартысқа толы ойында жеңіске жеткен үш команда арнайы кубок пен қаржылай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ үздік көрінген спортшылар алғысхатпен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұзақбай Рамазанұлы өнегелі ғұмырын жеке кәсіп пен немерелеріне арнап келеді.