Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспана мәселесін шешу қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек», - деп Үкіметке тапсырма берген болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл Жәнібек ауданы бойынша үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 жылдан 2029 жылға дейінгі» тұжырымдамасына сәйкес құрылысы жоспарланған 38 баспананың 28-іне қаржы бөлініп, салынып, қолданысқа беріліп жатыр. 11 екі пәтерлі, 6 бір пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Соның ішінде бүгінгі таңға 9 пәтер сатып алынып, 13 пәтердің құрылысы аяқталу сатысында, 6 пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осыған орай аудан әкімі Тимур Шиниязов сатып алынған 9 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Аудан басшысы баспанаға ие болған азаматтарды құттықтап, түске дейін Жасқайрат ауылындағы 4 пәтердің, түстен кейін аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов Қамысты ауылындағы – 1, Жәнібек ауылындағы – 2 және Тау ауылындағы 2 пәтердің кілтін тұрғын үй иелеріне табыс етті.
– Республикалық бюджет есебінен кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй сатып алу бағдарламасы аясында ауданымызда үйлер салынып, бой көтергені қуанарлық жағдай. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел халқының өмір сапасының жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар беріліп, Жолдаудан туындайтын міндеттер үнемі басты назарда екенін атап өтті. Біздің мақсат – аудан тұрғындарына жайлы өмір жасап, жан-жақты қолдау көрсету. Ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамассыз ету үшін Жасқайрат, Тау, Борсы ауылдарында ауыз су құбырына реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы жұмысқа мемлекеттік бюджет есебінен 929 млн қаражат бөлінді. Санаулы күндерден кейін аталған ауылдардағы 2 361 адам сапалы ауыз сумен қамтамассыз етіледі. Осы сәтті пайдалана отырып, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлерге алғысымды білдіремін, - деді Тимур Серікұлы.
Өз кезегінде баспана иелері мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Тоғыз тұрғын үйдің құрылысын атқарған мердігерлер, атап айтсақ С.Тажмұқанов, Қ.Неғметов, Е.Мәмбеталиев пен Н.Мұханғалиев баспана иелеріне газ плита сыйға тартты.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Сержан Тажмұқанов үйі өртеніп кеткен Жасқайрат ауылының тұрғыны, тоғыз пәтердің бірінің иесі Гүлфия Оразбаеваға теледидар сыйлады.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевтің айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тұрғын үйлерді сатып алу бойынша рәсімдері атқарылып жатыр.
Тұрғын үйлерді сатып алуға жалпы 537 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 424 млн 783 мың теңге, облыстық бюджеттен 112 млн теңге қаражат бөлінген. Пайдалануға берілген және салынып жатқан тұрғын үйлер 3 бөлмелі, жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайды.
Жыл аяғына дейін қалған 19 пәтердің құрылысы толығымен аяқталып, 1 520 шаршы метр пайдалануға беруді жоспарлап отыр. 28 тұрғын үйдің құрылысын Н.Мұханғалиев, С.Тажмұханов, Ж.Қарағаев, Е.Мәмбеталиев, И.Елемесов, М.Сейіткереев, Қ.Ниғметов, А.Жұмақұлов, М.Қанатов, Е.Темірханов, А.Өтепов, Н.Иқсанова сынды жеке тұлғалар жүргізіп жатыр.