Қаратөбе ауданына қарасты сегіз ауылдың құдығынан адам денсаулығына зиян элементтер анықталды. Мұндай зиянды элементтер Орал қаласындағы су құбырларына жүргізілген талдаулардан да табылған.
Сурет: pixabay.com
Атап айтсақ, Орал қаласындағы 8-март, С.Датов, Лермонтов, Литовская көшелеріндегі құбырлардан аққан судың құрамынан адам өміріне зиянды бактериялар анықталған. Бұл туралы БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев айтты.
Оның айтуынша, ауылдардағы құдықтар санитарлық талаптарға сай емес.
– БҚО-да 119 ауылда таза ауыз су жоқ. Бұл жерлерде 16 мыңнан астам халық бар. Әлі күнге құдықтың суын ішіп отырған ауылдар бар. Ал ол құдықтардағы судың құрамында тұз көп, ол аздай санитарлық деңгейі талапқа сай емес. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Бір ғана мысал айтайын Қаратөбе ауданына қарасты сегіз ауылдың құдығынан адам денсаулығына зиян микроб, бактерия секілді өте зиянды элементтер анықталды, - деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz