Казталовтағы мәдени-демалыс орталығында аудандық ішкі саясаттың қолдауымен және «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық ардагерлер фестивалі өтті.
Дана халқымыз «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деп қашанда дария көңіл, кең кеуде данагөй қарияларымен мақтанып отырған. Адам баласы қазыналы өткенімен, мағыналы бүгінімен және жарқын келешегімен өмір сүріп келеді. Тәжірбиесі мол аға буынның өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан халқымыз үлкенге құрмет көрсетуді келешек жастарға өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән беріп, қадағалап отырған.
Бүгінгі шараның мақсаты – жас ұрпаққа «Баталы» сөздің қадірін ұғындырып, батагөй азаматтарымызды құрметтеуге, тіл тазалығы мен ұлт құндылығын насихаттауға, адамгершілікке, патриотизмге тәрбиелеу.
Фестивалге келген қазыналы қариялар мен ақжаулықты әжелерді бауырсақ, ақ дәм ұсынып қарсы алды.
Байқаудың бірінші кезеңі «Бата дарып, бақ қонсын» деп аталатын сайысында әр ауылдан келген батагөй ақсақалдарымыз дастархан батасы, сапарға шыққан кезде берілетін бата, жас балаға, жас келінге немесе жаңадан шаңырақ көтерген отбасыға арналған бата түрлеріне тоқталды. Байқаудың екінші кезеңінде ұмыт болып бара жатырған салт-дәстүрлерден көріністерді спхналап, көрерменге ұсынды. Халқымыздың ұмытылып бара жатырған тағылымы мол салт-дәстүрлері «құрсақ шашу», «қымызмұрындық», «босаға майлау», «қырқынан шығару», «аунату», «ұшықтау» көріністері көпшілік көрермен көңілінен шықты.
Көріністе ата-әжелеріміз халық әндерін нақышына келтіре шырқады. Фестивальге 16 ауылдық округтен 100-ден астам ардагерлер қатысты.
Байқаудың әділ бағасын берген әділ қазылар алқасы – «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Набидоллақызы Ақбаева, Жалпақтал ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Мутиғоллақызы Сапахова, Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Нәрік Алмасұлы Дүйсенов, Аудандық мәдениет үйінің мәдени шара ұйымдастырушысы Аягүл Жанболатқызы Шақпанова.
Мерекелік шараны халықтық «Қарылғаш» би ансамблі «Алма бағы» биімен ашты. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев:
– Қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді қариялар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазыналы қарттарымыздың өнегелі ғұмыры ұрпақ үшін үлгі-өнеге, асыл мұра деп айтуға болады. Ұйымдастырылып отырған фестивалдің мақсаты – өздеріңіздей мәдениет пен спортты, өнерді жанына серік еткен жандарды жинап, өнегелі, өміршең кешті ұйымдастыру. Деңдеріңізе саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді сөзінде.
Бата – қазақ мәдениетінде терең мағынаға ие, рухани дәстүрлердің маңызды бөлшектерінің бірі. Бата беруші адам – халықтың рухани ұстазы деп айтуға болады. Себебі өткен мен болашақты ұлттық дәстүрмен жалғайтын алтын көпір. Халқымыз «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деп бекер айтпаған.
«Бата дарып, бақ қонсын» байқауында І орынды Төлеген Айманов (Қайыңды ауылы) иеленсе, ІІ орынды Жасталап Казиоллин (Жалпақтал ауылы), ІІІ орынды Амангелді Кенжеғалиев (Қараөзен ауылы) қанжығасына байлады.
«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» байқауында Бостандық ауылы І орынды иеленсе, Көктерек ауылы ІІ орынды місе тұтса, Қошанкөл ІІІ орынды иеленді.
Зейнет жасындағы ардагерлеріміз үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат түрлерінен сынға түсіп, бақтарын сынады. Үстел теннисі бойынша Уәлиолла Әбішев (Казталов ауылы) І орынды, Нұржан Ғұмаров (Талдықұдық ауылы), Ернияз Құспанов (Ақпәтер ауылы) ІІІ орынды иеленді. Тоғызқұмалақ бойынша Айтжан Жұмағазиев (Казталов ауылы) І орынды иеленсе, Меңдіхан Халықұлы (Қошанкөл ауылы) ІІ орынды, Қайрат Темірхан (Жалпақтал ауылы) ІІІ орынды иеленді. Шахмет бойынша Серікқали Молдағалиев (Жалпақтал ауылы) І орын, Айтжан Жұмағазиев (Казталов ауылы) ІІ орын, Төлеген Сүйінішқалиев (Ақпәтер ауылы) ІІІ орын алды.
Дойбы бойынша Сәрсенғали Бисенғали (Жалпақтал ауылы) І орын, Талғат Ғабдуллин (Қараөзен ауылы) ІІ орын, Рахмет Сатиев (Жалпақтал ауылы) ІІІ орын алды.
Жеңімпаз ардагерлерімізге дипломдар мен медальдар, кубок пен естелік сыйлық табыс етілді.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы