Бүгін Батыс Қазақстан облысында әдеп кеңесінің отырысы өтіп, мемлекеттік қызмет саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу және этикалық нормаларды сақтау мәселелері талқыланды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.
Сондай-ақ, әдеп кеңесінің отырысында мемлекеттік қызметшілерге іс-сапар шығындарын және еңбек демалысы төлемдерін төлеу бойынша талдау нәтижелері, өңірдегі мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысы мен тәртіптік тәжірибесінің қорытындылары қаралды.
«Отырыста Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов заң бұзушылықтардың алдын алудың және мемлекеттік қызметшілердің этикалық стандарттарды сақтауына адалдығының маңыздылығын атап өтті. Талқылау барысында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Негізгі назар мемлекеттік қызмет саласындағы
заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларға аударылды. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері бірқатар мемлекеттік органдардың бақылауды күшейту және құқық бұзушылық қаупін азайту үшін тиімді тетіктерді енгізу жөніндегі бастамаларын талқылады.
Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің заңнама талаптары мен этикалық нормалар туралы хабардарлығын арттыру мақсатында оқыту бағдарламалары мен түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік қызметшілерге іс сапар шығындарын және еңбек демалысының төлемдерін төлеу бойынша талдау болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті осы төлемдерді реттейтін нормалардың сақталуын талдап, мониторинг нәтижелерін ұсынды. Аталған мәселе бойынша қаржылық тәртіпті сақтау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және мемлекеттік қызметшілер тарапынан ықтимал бұзушылықтарды болдырмауға ықпал ететіні атап өтілді.
Отырыстың маңызды бөлігі мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысы мен олардың тәртіптік тәжірибесінің қорытындыларын қарау болды.
Кеңес қызметтік тергеу жүргізу кезінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар қызметтік әдеп талаптарын сақтамау фактілері бойынша Ақжайық ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты тәртіптік іс материал қаралып, кеңеспен тиісті тәртіптік жазаны қолдану туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.